Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Мархабат Жайымбетов Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Роман Склярға отандық автокөлік өндірісіне қатысты өзекті мәселелерді көтерген депутаттық сауалын жолдады.
Депутат өз сөзінде Мемлекет басшысының автомобиль жасау саласын дамытуға басымдық беріп отырғанын айтты.
«Осы мақсатта мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдау шаралары іске асырылып, айрықша көңіл бөлініп келеді», – деді ол.
Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, бастапқы кезеңде өндірісті қолдауға жеңілдетілген талаптар қойылған: бар болғаны 2 млрд теңге инвестиция құйып, бір үлгіні «бұрағыш әдісімен» (шағын торапты тәсілмен) жылына 25 мың дана көлемінде құрастыру жеткілікті болды.
«Әрине, бұл кезеңде тиімді шешім еді. Бірақ бүгінде мұндай тәсіл отандық өндірісті әрі қарай дамытуға мүмкіндік бермейді», – деді депутат.
Оның сөзінше, 2021 жылдан бастап талап күшейгенімен, ол барлық өндірушілерге бірдей қолданылмай отыр.
«Нарықтағы ірі компаниялар – “СарыарқаАвтоПром” мен Hyundai Trans Kazakhstan бұрынғы жеңілдетілген шарттармен жұмысын жалғастыруда. Бұл өзге инвесторларға әділетсіздік тудырады», – деді ол.
Жайымбетов өндіріс көрсеткіштері де күткен межеден әлдеқайда төмен екенін айтты. 2023 жылы 13 мың, 2024 жылдың алғашқы 10 айында 17 мың көлік құрастырылған.
«Яғни, өнімнің 90%-дан астамы әлі де дайын көлікті бөлшектеп жинау әдісімен шығарылып жатыр. Соған қарамастан, бұл көліктер толық отандық өнім ретінде тіркеліп, қыруар мемлекеттік қолдауға ие болып отыр», – деді депутат.
Ол сондай-ақ сыртқы сауда деректері мен кедендік статистика арасындағы сәйкессіздікке назар аударды.
«2024 жылы Қытайдан келген шанақтар құны – 424 млн доллар. Ал Қытай дерегі бойынша Қазақстанға бар болғаны 6 млн доллардың шанағы экспортталған. Бұл VIN-коды бар дайын көліктердің шанақ ретінде кіріп, салықтан жалтарып жатқанын көрсетеді», – деді Жайымбетов.
Депутат құқықтық реттеудің әлсіздігіне де алаңдаушылық білдірді. Қазіргі келісімдердің азаматтық-құқықтық сипатта болуы оларды нақты бақылауға кедергі келтіретінін айтты.
«Уәкілетті орган ұсынылған деректерге сенуге мәжбүр, нақты тексеру тетігі жоқ», – деді ол.
Мархабат Жайымбетов мемлекеттік саясатты тиімді ету үшін нақты ұсыныстарын да ортаға салды:
- Шағын торапты құрастыру әдісін заңнамалық деңгейде бекіту;
- Өндірістік келісімдерге әділдік пен бірізділік қағидаты бойынша қайта қарау;
- Өндіріске мемлекеттік бақылау өкілеттігін беру;
- Шанақтар импорты бойынша ведомствоаралық тексеру жүргізу.
«AMANAT партиясы өндіріске нақты үлес қосатын, әділ әрі ашық нарық қалыптастыруды қолдайды. Шынайы өндіріс пен ашықтыққа негізделген әділетті жүйе ғана саланың болашағын қамтамасыз ете алады», – деп түйіндеді депутат өз сөзін.