Әрбір сарбаз қайда жүгіну керектігін біліп, оған назар аударғанына сенімді болуға тиіс. Бас прокурор Берік Асылов әскери қызметті өткеру барысында нақты әрі үздіксіз бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін жаңашылдықтарды атап өтті.
"Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айтуынша, әскери қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау – барлық деңгейдегі қолбасшылық жұмысының басым бағыты болуға тиіс. Әскери қызмет қауіпсіздік, абырой, тәртіп пен әділет қағидаттарына негізделуі қажет. Осы қағидаларды басшылыққа ала отырып, Мемлекет басшысы Бас әскери прокуратураға Қарулы Күштермен, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдармен бірлесіп екі жаңа жобаны енгізуді тапсырды:
• «Әскердегі заң және тәртіп»,
• «Цифрлық профилактика»", – дейді Бас прокурор X-тегі (бұрынғы Twitter) жеке парақшасында.
Бас прокурордың айтуынша, мұндағы мақсат – әрбір әскери қызметкер қорғалған, ал командир сенім мен қолдауға ие болатын жүйені қалыптастыру.
"Ең алдымен әскери бөлімдерде заманауи IT-жүйелермен бейнебақылау орнатылады. Жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы жағдайды автоматты түрде талдап, жеке құрамның қауіпсіздік деңгейін арттыру көзделуде. Командирлерді (далалық жаттығуларда, атыс кезінде, оқу-жаттығуларда) және қарауылдағы және жауынгерлік кезекшіліктегімерзімді қызметтегі сарбаздарды бейнежетондармен жарақтандыру жоспарлануда. Бұл қызметті өткеру барысында нақты әрі үздіксіз бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде http://armia.kz сайтында цифрлық кеңесші іске қосылды. Сонымен қатар жаңа байланыс арналары енгізілуде — әрбір сарбаз қайда жүгіну керектігін біліп, оған назар аударғанына сенімді болуға тиіс. Сондай-ақ, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында әскери шақыру және медициналық комиссия отырыстарын аудио-бейне тіркеу, хаттамаларды цифрландыру және оларды шақырылушылардың өздеріне қашықтан қолжетімді ету мәселелері пысықталуда. Бұл — медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтарды мерзімді қызметке шақырудың алдын алады. Бұл және өзге де шаралар — әскери қызмет атқару кезінде сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тиімді тетіктер бола алады"– дейді Б.Асылов.