Павлодарда өткен қыз ұзату тойында қонақтар жаппай уланып, 27 адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Той 7 маусым күні қаладағы мейрамханалардың бірінде өткен. Ұзату тойында шамамен 150 қонақ болған.
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының хабарлауынша, зардап шеккен қонақтардан алғашқы қоңыраулар 8 маусымда түсе бастаған.
"33 адам жүгінді, олардың ішінде жүкті әйел мен бала бар. 26 ересек адам инфекциялық ауруханаға, бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Барлығына орташа ауырлықтағы тамақтан улану диагнозы қойылды. 9 маусым күні сол іс-шараға қатысқан тағы бір адам жүгінді", – деді дәрігерлер.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бактериалды ішек инфекциясының белгілерімен барлығы 29 адам жүгінген.
"Олардың 15-і ауруханаға жатқызылды, қалғандары амбулаториялық ем алып жатыр. Пациенттердің жағдайы орташа ауыр деп бағалануда, белгілері: интоксикация, іш өту және дене қызуының көтерілуі. Барлық науқасқа қажетті ем тағайындалған", – деп мәлімдеді ведомство.
Той өткен мейрамханада санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары жұмыс жүргізуде. Тағам өнімдерінен сынама алынған, бірақ зертханалық сараптаманың нәтижелері әлі жарияланған жоқ. Алғашқы зертханалық сараптама нәтижелері алдағы аптада белгілі болады деп күтілуде.