Қытайда жұмыссыздықтың жаңа бейресми «емі» пайда болды – жалған офистер. Мұнда адамдар айлық үшін емес, күнделікті 30 юань төлеп, жұмыс істейтін адам сияқты түр жасап, күнін өткізеді, деп хабарлайды turkystan.kz finance.sina.com.cn-ға сілтеме жасап.
Арнайы жабдықталған кеңселерде әр қатысушыға үстел, Wi-Fi, түскі ас және «әріптестер» беріледі. Тіпті ұйықтап қалып кешіксеңіз айыппұл салынады. Қосымша ақы төлесеңіз, сізге «жеке жиналыс бөлмесі» мен «астыңыздағы қызметкерлер» де беріледі, өзіңізді нағыз бастық сезіне аласыз.
Мұндай кеңселердің жарнамасы да шындыққа өте жақын:
«Жұмысыңнан айырылып қалып, туыстарыңа айтуға ұялып жүрсің бе? Біздің офиске кел, осында отырып қалағаныңша телефон қара, бәрі сені жұмыста деп ойлайды.»
Пайдаланушылардың айтуынша, бұл психологиялық тұрғыда бос отырғаннан гөрі жақсы. Біреу үшін бұл күн тәртібін сақтауға көмектессе, енді бірі осы "офисте" отырып шын жұмыс тауып алуға үміттенеді екен.