Маңғыстаулық егіздер халықаралық чемпионатта топ жарды

/
Маңғыстаулық егіздер халықаралық чемпионатта топ жарды
Маңғыстау медиа

Ақтау қаласында  өткен «DOSTISkills Aktau – 2025» халықаралық салалық достық чемпионаты мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оtpannews.kz. мәліметінше маңғыстаулық егіздер Диас және Мирас Абиловтар екеуі бірдей халықаралық додада топ жарып, күміс медаль иеленді. Олар – Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжінің студенттері.

«Чемпионат оңай болған жоқ – Қытай, Сауд Арабиясы және Ресейден келген студенттермен жоғары деңгейдегі бәсеке болды. Бұған дейін Беларусь елінде және Алматы қаласында өткен чемпионаттарға қатысып, белгілі бір тәжірибе жинақтағанмын. Дегенмен бұл чемпионат маған мүлде басқа, ерекше тәжірибе сыйлады деп айта аламын», – дейді Диас Абилов.

Ал Мирас Абиловтың айтуынша, ол халықаралық деңгейдегі жарыстарға алғаш рет қатысып отыр.

«Бүгінгі чемпионат мен үшін үлкен жаңалық болды, өйткені бұған дейін халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып көрмегенмін. Күміс жүлдені мүлде күтпедім. Тіпті экспертім де «жүлдеден үміттенбе» деген еді. Соған қарамастан, нәтиже осылай болды – өте қуаныштымын! Сондай-ақ Алматыға грант ұтып алғаныма да ерекше қуанамын. Бұл жетістікке жету үшін бар күшімізді салдық», – дейді ол.

Айта кетейік, шараға Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымова, облыстық білім басқармасының басшысы Амантай Кумбаев, Сауд Арабиясы, Аустралия, Қытай, Ресей елдерінен және республиканың өзге өңірлерінен келген халықаралық сарапшылар, қатысушы студенттер және педагогтер қатысты.

Чемпионат «электроника», «автономды мобильді робототехника» және «прототиптеу» құзіреттіліктері бойынша өтіп, жүлделі орынға ие болған қазақстандық студенттерге Алматы қаласындағы Еуразия техникалық университетінде оқуға 100% грант табысталды.

Қорытынды бойынша, маңғыстаулық командадан 4 студент үздіктер қатарынан көрініп, 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Олар: «электроника» құзіреттілігі бойынша күміс медаль – Диас Абилов; «прототиптеу» құзіреттілігі бойынша күміс медаль – Мирас Абилов, «автономды мобильді робототехника» құзіреттілігі бойынша қола медаль – Диас Даулетбаев пен Әділет Тоқаев.

Жиында сөз сөйлеген ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымова бүгінгі іс-шара тек бәсеке емес – білім мен тәжірибе алмасуға, өзара ынтымақтастықты нығайтуға арналған ашық алаң екенін айтты.

«Каспийдің жағасындағы әсем шаһар – биыл Түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Ақтау қаласында өткен «DOSTISkills Aktau – 2025» шеберлік чемпионатында сіздермен жүздескеніме қуаныштымын! Ел Президентінің Жарлығымен «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Осыған орай Үкімет нақты іс-шаралар жоспарын бекітті. Сол маңызды бастамалардың бірі – дәл осы «DOSTISkills Aktau – 2025» чемпионаты. Бұл чемпионат техникалық және кәсіптік білім беру саласының дамуына тың серпін беріп, жастардың кәсіби дағдылары мен әлеуетін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар халықаралық стандарттарды білім беру бағдарламаларына енгізуге мүмкіндік беретін маңызды алаң саналады. Жарыс өткен үш құзіреттілік те – қазіргі заман талап ететін негізгі машықтар. Шара осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Биылғы чемпионатқа 40 қатысушы қатысты. Айта кетейік, Маңғыстау облысы техникалық және кәсіптік білім беру саласында биыл ерекше қарқынмен дамып келеді. Академиялық ұтқырлық аясында 100-ден аса педагог шетелдік тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ 30-дан астам студентіміз шетелде білім алып, халықаралық стандарттармен танысып, тәжірибе жинап жатыр», – деді Ақзира Қасымова.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары