Үнді тарапының шақыруымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Үндістан Республикасына ресми сапармен барды.
Сапар аясында Үндістанның Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкармен кездесу өтті. Тараптар қазақ-үнді стратегиялық серіктестігінің жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және екі елдің іскерлік топтары үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
ҚР СІМ басшысы екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы шамамен 1 млрд АҚШ долларын құрағанын, ал кейінгі 20 жылда Үндістаннан Қазақстанға тартылған инвестициялар көлемі 450 млн АҚШ долларынан асқанын атап өтті.
Осыған байланысты М.Нұртілеу экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және өзара сауда көлемін одан әрі ұлғайту мақсатында іскерлік байланыстарды жандандыруды ұсынды, сондай-ақ Үндістанның жетекші компанияларын өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Екі елдің бизнес қауымдастықтарының іскерлік байланыстарды дамытуға қатысуының маңыздылығы аталып өтті. Бүгінде Қазақстан аумағында фармацевтика, пайдалы қазбалар өндіру және азық-түлік өнімдерін өндіру салаларында 600-ден астам үнді компаниясы жұмыс істейді.
«Үндістан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы сенімді саяси және сауда-экономикалық серіктесі, біздің байланыстарымыз сындарлы арнада тұрақты дамуда», – деді М.Нұртілеу.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары сондай-ақ өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарды теңестіріп», БҰҰ, АӨСШК және ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады.
Қазақ тарапы «Орталық Азия + Үндістан» диалогын өңірлік ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылауға арналған маңызды платформа ретінде одан әрі ілгерілетудің маңызын атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстан СІМ басшысы Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын қолдағаны және оның тең авторы болғаны үшін үнді тарапына алғыс білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Үндістан сыртқы саяси ведомстволары арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойылды, онда өзара іс-қимылдың болашағы бар бағыттары айқындалған.