Елімізде шетел азаматтарына арналған жаңа Neo Nomad визалық режимі енгізілгені мәлім. Аталған виза қашықтан жұмыс істейтін шетелдік туристерге арналған. Енді заманауи көшпенділер елімізде бір жылға дейін тұрып, шетелдік компаниялардағы жұмысын жалғастыра алады.
Бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында былтыр іске қосылған. Жаңа визалық режим пандемиядан кейін осындай бағдарламаларды сәтті енгізген 50-ден астам елдің халықаралық тәжірибесін назарға алған. Бүгінде әлемде заманауи көшпенділердің саны 35 миллионнан асып отыр және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.
Neo Nomad Visa алудың негізгі талаптары:
Қазақстан аумағынан тыс жерде қашықтан жұмыс істеу
Ай сайынғы ең төменгі табыс – 3 000 АҚШ долларынан жоғары
Медициналық сақтандыру
Соттылығы жоқтығы туралы анықтама
Neo Nomad Visa алған алғашқы шетелдіктердің бірі – еуропалық Жорж Роза Филью. Ол Астанада алты ай тұруды және еліміздің бірнеше өңірін турист ретінде аралап көруді жоспарлап отыр.
«Қазақстан халқының қонақжайлығы, елдегі қауіпсіздік пен тұрақты даму – менің бұл елді таңдауыма себеп болды. Мұнда үнемі бір қозғалыс, даму, жаңашылдыққа ұмтылыс байқалады. Мен осы жүйенің бір бөлшегі болғым келеді», – дейді Жорж Роза Филью.
Сондай-ақ ол визаны рәсімдеу үдерісінің қарапайымдылығын және Лиссабондағы Қазақстан консулдығындағы қызмет сапасының жоғары екенін атап өтті. Рәсімдеу уақыты – 5 жұмыс күнінен аспайды.
Бағдарламаның экономикалық тиімділігі де есептелген: мәселен, 500 адам виза алса, ел бюджетіне шамамен 3,6 млрд теңге табыс түседі. Neo Nomad визасын пайдаланатын шетелдік азаматтар Қазақстанда тұрып, қаражатын осында жұмсайды, бірақ отандық еңбек нарығына әсер етпейді.
Қазір Neo Nomad Visa-ны Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Польша, Оңтүстік Корея, БАӘ және Таиланд азаматтары алған.