Нидерландыда кішкентай бала Haribo компаниясының каннабис қосылған шайнайтын кәмпитін жегеннен кейін комаға түсті, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы NL Times басылымы жазды.
Мамыр айының соңында Нидерландтың азық-түлік өнімдері мен тұтыну тауарларының қауіпсіздігі жөніндегі басқармасы Haribo-ның Happy Cola F!ZZ кәмпитінен каннабис табылғанын мәлімдеді. Аталған партия дүкен сөрелерінен кері қайтарылды.
Басылымның мәліметінше, Нидерландтың Алмело қаласында осы кәмпиттерді жеген екі бала ауруханаға жеткізілген. Олардың бірі комаға түскен.
Қазір екі баланың да жағдайы жақсы.
Аурухана отбасының жеке өмірін қорғау мақсатында оқиға туралы қосымша ақпарат беруден бас тартты.
Полиция есірткі заттарының кәмпиттерге қалай түскенін анықтап жатыр.