Белгілі кәсіпкер Тұрсын Алагөзов тағы 50 қызметкеріне баспана сыйға тартты , деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы кәсіпкердің жары, танымал продюсер Баян Алагөзова мәлім етті.
«Шымкент сыра зауытының 50 жылдығына орай кәсіпорынның қызметкерлеріне тағы 50 пәтер сыйлады! Сенімен мақтанамын, жаным!», - деді ол.
Блогер Бейбіт Әлібековтің сөзінше, пәтер зауытта 46 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жандарға берілмек.
Еске сала кетейік, бір жыл бұрын кәсіпкер кәсіпорынның дамуына ерекше үлес қосқан 100 қызметкеріне пәтер кілтін табыстаған болатын. Жаңа баспаналар заманауи үлгідегі тұрғын үй кешендерінен берілді.
Одан бөлек өз қызметкерлерінің 65 жастан асқан ата-аналарына зейнетақы төлейтінін мәлімдеген еді. Ол өз сөзінде әрбір ата-ана компания үшін құнды қызметкерді тәрбиелеп өсіргені үшін ай сайын компания есебінен 50 мың теңгеден алатынын айтты.