«AMANAT» партиясының бастамасымен ел аумағында тұрақты түрде жалғасып жатқан «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы тұрғындардың белсенділігін арттырып, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті нығайтып келеді. Іс-шара аясында бірнеше облыста көшелер тазаланып, ағаштар отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл бастама экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен елді мекендерді көркейтуге бағытталған.
«Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында «AMANAT» партиясының Астана қаласы Есіл аудандық филиалы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен макулатура жинау науқанын бастады. Жиналған қағаз қалдықтары «Жасыл даму» АҚ-ның «EcoQoldau» бағдарламасы аясында қайта өңделеді. Бүгін бастауыш партия ұйымдарының күшімен 1 тоннадан астам макулатура жиналды. Тамыз айының ортасына дейін жиналған барлық қағаз тапсырылып, одан түскен қаражат «Баланы мектепке даярлайық!» акциясы аясында қайырымдылыққа бағытталады.
Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында өткен акция асында Сергеевка қаласында көшелерді тазалау және көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылды, Иг іс іске партия мүшелері, жастар, мекеме қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар белсене атсалысты. Қатысушылар қоқыс жинап, гүлзарларды ретке келтіріп, жаңа гүлдер отырғызды.
«Біздің мақсатымыз – тек аптасына бір рет тазалық жүргізу емес, сонымен қатар тұрғындардың өз қаласына жанашырлықпен қарауын қалыптастыру. «Таза бейсенбі» - әрбір азаматтың ортақ іске атсалысуына мүмкіндік береді. Ең қуаныштысы – қатысушылардың қатары апта сайын артып келеді», – деді «AMANAT» партиясының Шал ақын аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жайнагүл Қасенова.
Алматы қаласында акцияға қатысушылар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш маңында тазалық жұмыстарын жүргізіп, аумақты абаттандырды.
Абай облысы Ақсуат ауданында Ырғызбай ата кесенесі мен Мәңгілік Ел саябағында кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді. Игіс іске 60 адам қатысып, 2 гектар аумақ тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, 1,2 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ партияның Курчатов қалалық №4 бастауыш партия ұйымы ұйымдастырған экологиялық акция аясында қалалық аурухана аумағына 500 түп гүл көшеті отырғызылды.
Атырау облысы Махамбет ауданында «Таза бейсенбі» аясында орталық алаңда орналасқан ағаштар маңы тазартылып, санитарлық жұмыстар жүргізілді.
«Атаңнан мал қалғаша, тал қалсын» деп ата-бабамыз тал-теректі бәрінен жоғары бағалаған. Бүгінгі тазалық жұмыстарына бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, мәслихат депутаттары және жастар белсенді қатысты. Алдағы уақытта да өңірімізде игі іс жалғасын табады», – деді аудандық мәслихат депутаты Ерлан Қуанышев.
Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында өткен тазалық шарасы ауылдың ажарын аша түсті. Мұнда теміржол вокзалының айналасы мен Л.Қылышев көшесі қоқыстан тазартылып, теректер мен гүлдер отырғызылды. Ауылдың көркін келтіріп, жасыл желекке бөлеген бұл игі іске 30-дан астам адам атсалысты.
Тазалықты ту еткен бастама Жамбыл облысында да жалғасын тапты. Тараз қаласының «Көктем» алқабында өткен іс-шарада 100-ден астам қатысушы 5 гектар жерді тұрмыстық қалдықтан арылтып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Облыстық филиал төрағасы Дауыл Бейсенқұловтың айтуынша, мұндай жұмыстар қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, тұрғындардың экологиялық санасын арттыруға сеп болады.
«Тазалық шарасы – қоршаған ортамыз үшін маңызды. Бұл орайда, «Таза бейсенбі» экологиялық акциясының алар орны ерекше. Баршамыз аптаның осы күні түрлі орындарды тазалап, ретке келтіруге атсалысып жүрміз. Осы бағыттағы жұмыстарымызды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз», – дейді партия Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов.
Ал Қарағанды облысының Сарань қаласында тұрғындар Октябрьский көшесіндегі жеке сектор аумағын қоқыстан тазартып, жапырақтарды жинап, аймақты ретке келтірді. Акцияға белсене қатысқандарға алғыс білдірген партияның қалалық филиалының төрағасы Нұргүл Тәжібаева бұл игі істің елді мекен тазалығын сақтауда маңызы зор екенін атап өтті.
Қостанай облысына қарасты Фёдоровка ауылында да ауызбіршілік танытқан халық акцияға белсене атсалысты. Мәслихат депутаты Зия Тілектөреұлы бастаған еріктілер мен партия мүшелері ауыл көшелерін, қоғамдық орындарды тазалап, жеміс ағаштарын күтіп-баптады.
Маңғыстау облысында да «Таза бейсенбі» науқаны жастардың қолдауымен сәтті жүзеге асып келеді. Н.Бекбосынов атындағы энергетикалық колледждің студенттері 100 келіге жуық қоқысты жинап, ағаш діңдерін әктеді. Колледждің жастар ісі жөніндегі инспекторы Г.Елдесбаева студенттердің белсенділігіне ризашылық білдірсе, жастардың бірі Ә.Әділбай бақшаға жаңадан 80 түп шыбық егілгенін айтып, табиғатты аялау – олардың өмірлік ұстанымына айналғанын жеткізді.