Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әли Әлиев Беларусь пен Солтүстік Македонияға қарсы кездесулерге бірнеше белді ойыншының шақырылмау себебін түсіндірді, деп хабарлайды turkystan.kz ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зайнутдинов туралы:
«Ол құраманың сапына келіп, команданы қолдайды. Жігіттер құраманың ішкі атмосферасын сезініп, «Баха бізбен бірге» деген сенімде болуы маңызды – бұл оларға қосымша рух береді».
Айымбетов туралы:
«Біз онымен хабарластық – отбасылық жағдайына байланысты өзі ұлттық құрамаға шақырмауды өтінді. Чемпионаттағы соңғы матчынан кейін ол үйіне оралады. Жағдай расымен де өте маңызды. Біз оған түсіністікпен қарадық. Қазір ол жақындарының жанында болуы қажет».
Жақсыбаев туралы:
«Ұларда жарақаты болды, бірақ бұл жолы біз Асранкуловқа таңдау жасадық. Ол – солақай, соңғы турларда сол қапталдағы латераль позициясында ойнады. Ал Ұлардың клубтағы соңғы тәжірибесі негізінен тірек аймағында өтті. Біз бұл жайтты өзара талқыладық – және Ұлардың өзі де қазіргі таңда бізге нақты позицияларда толық дайын футболшылар қажет екенін түсінеді».
Дамир Марат туралы:
«Ол кеңейтілген тізімде. Алайда негізгі құрамға Кенжебек енді. Иә, оның ойын уақыты көп емес, бірақ халықаралық тәжірибесі бар және үнемі жаттығу процесінде. Қазіргі жағдайда Ғалымжан ұлттық құрамаға көбірек пайда әкеледі деп есептейміз. Марат кеңейтілген тізімде қалып отыр және қажет болған жағдайда бірден шақырылады».
Қараман туралы:
«Бұл позицияда біз Қуатқа сенім арттық. Оның тірек аймағындағы тәжірибесі өте маңызды. Алдағы матчтарда тәуекелге бармай, сенімді, тәжірибесі бар футболшыларға арқа сүйеуіміз керек. Бізге тәжірибе мен тұрақтылықтың үйлесімі қажет».
Сұлтаниязов туралы:
«Ол кеңейтілген тізімге аванс ретінде енгізілді. Бұл – көптеген жас футболшыларға белгі: біз бәрін бақылап отырмыз. Болашақта да осындай спортшыларды кеңейтілген құрамға шақырып, бақылауды жалғастырамыз».
Оразов туралы:
«Рамазан қазір ойын тәжірибесінен тыс қалды. Ол өзі де жақсы түсінеді: ойын ырғағы, тұрақты жаттығу және толық 90 минуттық тәжірибесіз Лихтенштейн сияқты қарсыласпен де ойнау қиын. Бұл мәселені біз бірге талқыладық».
Әбікен туралы:
«Бұл жерде де тірек аймағы жайлы сөз болып отыр. Бізде бұл позицияда Тағыберген, Қуат, Жагоров бар. Таңдау халықаралық тәжірибесі мол, жоғары деңгейдегі матчтарға қатысқан ойыншыларға түсті. Әбікен де кеңейтілген тізімде. Біз оны да бақылап отырмыз».