Өскемендегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Дариға Қалымбекова халықаралық деңгейдегі жоғары академиялық жетістігімен танылып, әлемнің үздік жоғары оқу орындарының бірінен шақырту алды, деп хабарлады turkystan.kz сайты Altainews.kz басылымына сілтеме жасап.
Жас дарын Канададағы беделді University of Toronto жоғары оқу орнына «Civil Engineering» (азаматтық инженерия) мамандығы бойынша оқуға қабылданды. Бұл жетістікке ол өзінің табандылығы мен білімге деген ынтасының арқасында жетті. Оның SAT – 1510, IELTS – 7.5 және GPA – 5.0/5.0 сынды жоғары көрсеткіштері академиялық дайындығының айғағы.
Дариға мектеп қабырғасында жүріп-ақ ғылыммен шұғылданып, өз саласына терең үңіле білді. Ол химия пәні бойынша желілік ғылыми жобалар байқауына қатысып, «Кендірлік кен орны қоңыр көмірінен алынған гумин қышқылының судағы микроағзаларға әсерін зерттеу» тақырыбында зерттеу жүргізген. Жас зерттеушінің бұл еңбегі экология мен химияның тоғысқан өзекті мәселесін қозғап, судың биологиялық тазалығы мен экожүйе тепе-теңдігін сақтау жолдарын қарастырды.
«Бұл зерттеу менің ғылымға деген қызығушылығымды одан әрі арттырды. Әсіресе, қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын сақтау бағытындағы жобалар маған ерекше ұнайды», – дейді Дариға өз әсерімен бөлісіп.
Сондай-ақ ол Гонконгтағы Hong Kong Baptist University ұйымдастырған «The Essentials of Chemistry in Everyday Life» бағдарламасына қатысып, күнделікті өмірдегі химияның қолданылуын тәжірибе жүзінде зерттеген. Бағдарлама барысында түрлі халықаралық қатысушылармен бірлесіп жұмыс істеп, білімін кеңейтті.
Ол алдағы уақытта азаматтық инженерия саласында елге пайдалы жобалармен айналысуды армандайды.
«Мен өз елімнің дамуына үлес қосқым келеді. Қай жерде жүрсем де, туған елімді ұмытпаймын. Қазақстандағы инфрақұрылым мен экологиялық жобаларды жақсартуға атсалысқым келеді», – дейді болашағынан зор үміт күттіретін жас түлек.