Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік сатып алу, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарлы бағаларын көтеру бағыттарына тексеріс жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Биылғы 5 айда 29 млрд теңгеге осындай фактілер анықталды, оның 6,4 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды. Қалған соманы (22,6 млрд теңге) тапсырыс берушілер қайта қарап, олар бойынша жоспарлы бағалар төмендеді немесе сатып алынатын тауарлар көлемі ұлғайды (2024 жылы 55 млрд теңгеге артық өсім анықталды, оның ішінде 26 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды, 29 млрд теңгеге сатып алу қайта қаралды).
Жалпы, жобаны іске асыру басталғаннан бері (2019 ж.) 224,7 млрд теңге бюджет қаражатын негізсіз пайдалануға жол берілмеді.
Егер 2024 жылы Агенттік департаменттері небәрі 22 бұзушылықты анықтаған болса, онда ағымдағы жылдың өткен кезеңінде 95 заң бұзушылық анықталды.