Алматы қаласында арнайы операция барысында діни экстремистік материалдарды таратты деген күдікпен шетелдік азамат ұсталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлады turkystan.kz.
Ұсталған азаматтың үстінен Алматы қалалық Ұлттық қауіпсіздік департаменті мен полицияның арнайы жасақтары бірлесіп іс жүргізген.
«Күдікті оккультизм элементтері бар діни жоралғылармен айналысқан және Қазақстан аумағында тыйым салынған экстремистік ұйымның идеологиясын насихаттаған», – делінген Полиция департаменті таратқан ресми ақпаратта.
Рұқсат етілген тінту барысында деструктивті діни мазмұндағы материалдар мен заттар тәркіленді. Қазіргі уақытта күдікті азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Азаматтығына немесе тұрғылықты жеріне қарамастан, елімізде деструктивті діни идеологияны таратуға бағытталған кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қойылады. Ұлттық қауіпсіздік пен конфессияаралық татулық – біздің басым бағыттарымыздың бірі», – деп атап өтті Алматы қалалық ПД Экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров.
Қазақстанда діни экстремизм мен радикализмге қарсы заңнамалық және құқықтық негіздер күшейтілген. Ел аумағында бірқатар халықаралық және аймақтық экстремистік ұйымдарға ресми түрде тыйым салынған, олардың материалдарын тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.