Бүгін түнде Түркияда жер сілкінісі тіркеліп, оның дүмпулері Стамбул қаласында анық сезілді, деп хабарлайды Baq.kz.
Басылымның хабарлауынша, түнгі сғат 01:36 шамасында қаланың батыс бөлігінде бірнеше жер асты дүмпуі байқалған. Жер сілкінісі тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызғанымен, айтарлықтай дүрбелең болған жоқ.
Жер сілкінісі туралы ескерту хабарламалары смартфон қолданушыларына бірден жолданған. Түркияның Төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы (AFAD) сейсмологтарының мәліметінше, зілзаланың эпицентрі Мәрмәр теңізінде, Стамбулдың Бүйікшекмедже ауданына қарама-қарсы аумақта болған. Жер сілкінісінің магнитудасы 4,0, ал ошағы 8 шақырым тереңдікте орналасқан.
Айта кетейік, бұған дейін, 23 сәуірде осы өңірде магнитудасы 6,2 болатын күшті жер сілкінісі тіркелген еді. Ол апат салдарынан 236 адам жарақат алып, 4 мыңнан астам ғимарат зақымданған болатын. Алайда адам шығыны тіркелмеген.
Түркия сейсмикалық тұрғыдан белсенді аймақ болғандықтан, мамандар тұрғындарды жер сілкінісі кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауға шақыруда.