"Қазгидромет" РМК ертең, 2025 жылғы 21 мамырда еліміздің 15 облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Атырау облысында күндіз найзағай мен бұршақ күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с-ке дейін жетеді. Облыстың шығысында және батысында, сондай-ақ оңтүстігінде өрт қаупі жоғары, кей аймақтарда төтенше өрт қаупі сақталады. Атырау қаласында найзағай және төтенше өрт қаупі болжануда.
Маңғыстау облысында батыс, солтүстік және орталық бөліктерде найзағай күтіледі. Желдің бағыты оңтүстік-шығысқа ауысып, екпіні 15–20 м/с дейін күшейеді. Ақтауда да найзағай болады деп болжануда.
Қостанай облысында найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Жел екпіні түнде және күндіз 15–23 м/с аралығында соғады. Қостанай қаласында да желдің күшеюі күтілуде.
Жамбыл облысында солтүстік және оңтүстік аудандарда шаңды дауыл соғады. Таулы аудандарда жел жылдамдығы 15–20 м/с дейін жетеді. Өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Батыс Қазақстан облысында күндіз найзағай мен бұршақ, кей жерлерде қатты жаңбыр болжанады. Желдің екпіні 15–20 м/с дейін жетеді. Оралда да найзағай мен бұршақ күтіледі.
Ақтөбе облысында найзағай болып, жел 15–18 м/с-қа дейін күшейеді. Бірқатар аудандарда жоғары және төтенше өрт қаупі бар.
Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында түнде және таңертең тұман түседі. Кейбір аймақтарда төтенше өрт қаупі сақталады.
Қызылорда облысында найзағай және шаңды дауыл күтіледі. Желдің жылдамдығы 15–20 м/с дейін жетіп, өрт қаупі өте жоғары болады.
Қарағанды облысында жел 15 м/с дейін күшейеді. Шығыс аудандарда өрт қаупі жоғары.
Павлодар облысында найзағай, жел екпіні 15–20 м/с дейін. Өрт қаупі бірқатар аймақтарда төтенше деңгейде.
Ұлытау және Жетісу облыстарында жоғары және төтенше өрт қауіптілігі сақталуда. Жезқазғанда да қауіп жоғары.
Солтүстік Қазақстан облысында найзағай, бұршақ және дауыл болжануда. Желдің екпіні күндіз 23–28 м/с дейін жетеді.
Ақмола облысында найзағай, 15–20 м/с дейін жел күтіледі. Көкшетауда да желдің екпіні күшейеді.