Қазақ қызы Real Madrid клубына маркетолог болып жұмысқа орналасты. Бұл туралы павлодарлық Альбина Бунеску Instagram әлеуметтік желісінде мәлім етті, деп хабарлады turkystan.kz.
Альбина әлемдегі ең танымал футбол клубтарының бірі — испаниялық «Real Madrid» клубымен келісімшартқа отырып, үлкен жетістікке қол жеткізді.
Оның айтуынша, әуел баста өзінің алдында екі таңдау болған: Астанадан пәтер сатып алу немесе тәуекелге барып, Испанияда білім алу. Альбина білім мен кәсіби мансапты таңдаған. Ол Мадридтегі университетке түсіп, кейін тәжірибеден өту мүмкіндігін иеленді.
Альбинаның өзі атап өткендей, дәл осы тәжірибесі оны Real Madrid клубымен келісімшартқа қол қоюға алып келген.
Енді ол клубтың маркетинг бөлімінде жұмыс істейді. Бұл қадам тек Альбина үшін ғана емес, сонымен қатар халықаралық мансапты армандайтын өзге де қазақстандық жастар үшін үлгі болмақ.