Глэмпинг – бұл жай ғана демалыс емес, табиғат пен жайлылықты үйлестіретін ерекше өмір салты. Мұнда туристер табиғат аясында демалып, қонақүй деңгейіндегі қызметке қол жеткізе алады. Бүгінде глэмпингтер әлем бойынша да, елімізде де кеңінен танымал бола бастады. Назарларыңызға туристер арасындағы ең үздік глэмпинг орталықтарын ұсынамыз.
L•E•S Hotel & Resort (Бурабай)
Бұл глэмпинг Бурабайдың қылқан жапырақты орманының дәл ортасында орналасқан. A-frame үлгісіндегі үйлер панорамалық терезелермен жабдықталған, интерьері скандинав стилінде безендірілген. Мұнда бәрі саналы әрі баяу демалыс үшін ойластырылған – авторлық ас мәзірінен бастап жайлы моншаға дейін. Табиғат тыныштығы мен романтиканы ұнататындар үшін таптырмас таңдау.
OMIR Glamping (Ақтау)
Каспий теңізінің жағалауында орналасқан бұл ерекше глэмпинг этникалық нақыш пен заманауи минимализмді тамаша ұштастырған. Үйлер қазақ мәдениетіне тән элементтермен безендірілген, ал панорамалық терезелер әр таңды ұмытылмастай қарсы алуға мүмкіндік береді. Жайлылықты, мағыналы сәттерді және табиғатпен үндестікте болуды бағалайтындар үшін мінсіз орын.
Tenir Eco Hotel (Шымбұлақ, Алматы)
Теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан глэмпингке тек аспалы жол арқылы жетуге болады. Мұнда панорамалық терезелер таудың керемет көрінісін тамашалауға мүмкіндік береді. Ski-in/ski-out форматы қысқы спорт түрлерін ұнататындар үшін нағыз жұмақ мекен.
Aspen Eco Hotel (Бурабай)
Күмбез пішініндегі үйлер Бурабайдың қылқан жапырақты орманы ішінде орналасқан. Жылы еден, заманауи жағдай және панорамалық көріністер тыныш әрі жайлы демалысты қамтамасыз етеді. Мұнда таза ауада тынығып, орман ішінде серуендеп, күш жинауға болады. Қаланың күйбең тіршілігін бір сәт ұмытып, оңаша демалысты қалайтындарға арналған тамаша мекен.
Charyn Canyon Camp (Шарын шатқалы)
Еліміздің ең көрнекті табиғи нысандарының бірінің жанында орналасқан бұл глэмпинг – шытырман оқиғалы демалысты сүйетіндерге арналған. Кешкі алау жанындағы отырыстар, жұлдызды аспан астындағы тыныштық пен шатқал бойындағы серуендер демалушыларға ұмытылмас әсер сыйлайды.