Полиция заңсыз көші-қон арнасын тоқтатты: төлқұжаттар, мөрлер мен ақша тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері арнайы операция жүргізді. Оның барысыеда шетел азаматтарына тіркеу, уақытша болу мерзімін ұзарту және ХҚКО арқылы рұқсат алу бойынша жалған қызметтер көрсетумен байланысты заңсыз схеманың жолы кесілді.
Жедел іс-шаралар барысында үш күдікті ұсталды. Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тінту барысында әр түрлі ЖШС-нің 70-тен астам мөрі, шетел азаматтарының 75-ке жуық төлқұжаты, электрондық ақпарат тасығыштар, техника, банк карталары, ХҚКО құжаттарының түпнұсқалары, шамамен 2 млн теңге қолма-қол ақша және екі көлік тәркіленді.
Аталған іс бойынша сотка дейінгі тергеу жалғасып жатыр.