Елді дүрліктірген оқиғаға қатысты тың дерек шықты

/
Елді дүрліктірген оқиғаға қатысты тың дерек шықты
Кадр: "Астана" арнасы

Алматыда бір жыл бұрын 7-қабаттан құлап, қаза тапқан 21 жастағы бойжеткеннің анасы, күдіктілерді қамауға алу туралы қаулы шықса да, олар әлі бостандықта жүргенін айтып, жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz "Астана" арнасына сілтеме жасап.

21-ге енді аяқ басқан Ақнәр Гүлстан елдегі университеттердің бірінің бес тілді жетік меңгерген үздік түлегі болған. Марқұм әлемдік нарықтағы ірі компаниялармен бірлесе жұмыс істеген, саудамен де айналысқан. Арманы асқақ арудың тағдыры былтыр қыршыннан қиылды.

Марқұмның анасының айтуынша, оқиға болған күні түнгі екілер шамасында Ақнәрдың телефонымен бір бойжеткен хабарласып, қызын өлтіріп жатқанын айтқан. Одан кейін, туыстарына аудиохабарлама жіберіпті. Тіпті күдіктілер марқұмды азаптап жатқандарын Ақнәрдың телефонына түсірген.

Анасының сөзіне сенсек, бойжеткеннің шашы мен тырнағы жұлынған, денесі әбден тістелген әрі денесінде қылқындыру белгілері бар. Марқұмның туыстары бұл қасақана ұйымдастырылған қылмыс екені бейнежазбада анық көрініп тұрса да, күдіктілердің бостандықта жүргеніне қапалы.

"Экспертизаның нәтижесі шығады. Бір қыз мас болған, тағы бір қыздан да спирт шыққан, ал менің қызымда спирт жоқ. Ал енді экспертизаның нәтижесінде тек қана иығынан құлағына дейін сырылған із бар деп қана жазған. Мен айтам, мыналар қайда деп? Тіпті тергеуші бұл материалдарды медициналық экспертизаға өткізбеген", - дейді марқұмның анасы Гүлстан Қамит.

Көршілер бойжеткеннің жанайқайы шыққан сәтте "ерлі-зайыптының кезекті жанжалы" деп ойлап, араша түспепті.

Куәгерлер: "Марқұм құлағаннан кейін де тыныстап жатты" - дейді. Бірақ тіл қатуға шамасы болмаған. Ақырында жансақтау бөлімінде көз жұмыпты.

"Құзырлы орган екі азаматшамен алты минут қана тергеу жүргізген" - дейді Ақнәрдың анасы.

Прокуратура айыпталушыларды қамауға алу туралы қаулы бекіткен. Бірақ олар қазір жазаларын өтеп жатқан жоқ.

"Іс бір ғана баппен, өзін-өзі өлтіру бабымен қозғалған. Бірақ бүкіл дәлелдер, видео дәлелдер, фото дәлелдер қыздың 7-қабаттан құлағанға дейін ұрып соғылғанын, азапталғанын растайды. Осындай дәлелдер бола тұра, 10 айдан бері неге іске азаптау бабы қосылмаған?", - дейді қорғаушы Инга Иманбай.

Қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы қылмыстық іс тіркеген. Қазір оқиғаның толық көрінісін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүріп жатыр.

"Тергеу шеңберінде материалдар жинақталып, талданып жатыр. Куәлардан жауап алынуда, бейнежазбалар зерделенуде. Заңда көзделген басқа да іс жүргізу әрекеттері орындалуда. Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында. Оның нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылданатын болады", - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Телеарна мәліметінше, екі күдікті марұм қыз оқыған университетте білім алған. Қазір оларға бақылау орнатылған, яғни Қазақстаннан шыға алмайды. Марқұмның туыстары олардың заң жүзінде жауапқа тартылып, әділ жазасын алғанын талап етіп отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары