Қатты ыстық, күшті жел: Қазгидромет ел тұрғындарына ескерту жасады

/
Қатты ыстық, күшті жел: Қазгидромет ел тұрғындарына ескерту жасады
istockphoto

"Қазгидромет" РМК ертең, 15 мамырда республиканың 18 өңірінде дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Елдің көптеген аймақтарында қатты ыстық, найзағай, күшті жел, бұршақ, тұман және шаңды дауыл болады. Сондай-ақ өрт қаупі айтарлықтай жоғары.

Жетісу және Ұлытау облыстарында күндіз 35–39 градусқа дейін қатты ыстық болады деп күтілуде. Ұлытау облысында және Жезқазған қаласында төтенше өрт қаупі сақталады. Қарағанды облысында да 35 градус ыстық болжанып отыр. Мұнда оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні түнде 15 м/с-қа дейін жетеді. Облыстың оңтүстігінде де төтенше өрт қаупі бар.

Ақтөбе облысының батысы мен солтүстігінде түнде найзағай болады. Жел екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Оңтүстігінде, батысында және оңтүстік-шығысында өрт қаупі жоғары. Қызылорда облысында күндіз 40-44 градусқа дейін қатты ыстық күтіледі. Бұл өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.

Алматы облысының солтүстігінде, сондай-ақ Абай, Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қостанай облыстарының кейбір аудандарында да өрт қаупі жоғары және төтенше деңгейге жетуі мүмкін. Абай облысының оңтүстігінде 40 градусқа дейін қатты ыстық болады.

Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарының кей жерлерінде найзағай, бұршақ, тұман күтіледі. Кей жерлерде жел екпіні 23 м/с дейін күшеюі мүмкін.

Түркістан облысының солтүстігі мен батысында, шөлді аудандарында шаңды дауыл болжанып отыр. Мұнда да күндіз 40–42 градусқа дейін ыстық болады. Шымкент пен Түркістан қалаларында да желдің күшеюі күтіледі.

Жамбыл облысында таулы аудандарда найзағай болады. Күндіз ауа температурасы 40 градусқа дейін жетуі мүмкін. Ақмола облысының батысында, солтүстігінде және шығысында да 35–38 градус қатты ыстық күтіледі. Облыстың көптеген аудандарында өрт қаупі жоғары, кей жерлерде төтенше деңгейде.

Синоптиктердің айтуынша, мұндай ауа райы тұрғындардан барынша сақтық шараларын сақтауды талап етеді. Атап айтқанда, ашық күн астында ұзақ уақыт болудан, ормандар мен далада от жағудан бас тарту ұсынылады. Сондай-ақ жолда жүргенде найзағай, тұман және шаңды дауыл сияқты табиғи құбылыстарға байланысты аса мұқият болу қажет.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары