ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қытайлық «CITIC Construction» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ян Цзяньцянмен кездесті.
Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберінде «Орталық – Батыс» автожолын салу және жаңарту жобасына компанияның қатысу перспективаларын талқылады. Тиісті меморандумға қол қою ағымдағы жылдың мамыр айында «CITIC Group» басшылығының Қазақстанға сапары барысында күтілуде.
Еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі, дәнді және майлы дақылдарды терең өңдеу бойынша жобаларға, сондай-ақ мал фермалары мен қайта өңдеу кәсіпорындарының құрылысына инвестициялар тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар сұхбаттастар түсті металдарды игеру және қайта өңдеу бойынша бастамаларды талқылады. Қазақ тарапы компания жобаларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
«CITIC Construction» – халықаралық инфрақұрылымдық және инженерлік жобаларға маманданған «CITIC Group» қытайлық мемлекеттік корпорациясының еншілес құрылымы. 2010 жылдан бастап компания Қазақстанда көліктік, энергетикалық, агроөнеркәсіптік және тау-кен өндіру салаларында ауқымды жобаларды іске асыра отырып, белсенді қызмет жүргізіп келеді.