Тараз қаласында жергілікті кәсіпкер мен әкімдіктің лауазымды шенеунігі бюджеттен қомақты қаражат жымқырған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кәсіпкер әкімдіктің бес қабатты 3 тұрғын үй салу туралы тендерін ұтып алып, бірақ үйлердің құрылысын аяқтамаған. Сөйте тұра құрылыстың аяқталғандығы туралы жалған актілер жасаған.
Әкімдіктің лауазымды тұлғасы өзінің қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, сол актілерге қол қойған. Нәтижесінде 519 млн теңгеден астам бюджет қаражаты аударылған.
Келтірілген залал ішінара құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу арқылы өтелді. Ал өтелмеген залал сомасы 137 млн теңгеден асқан. Оның ішінде кәсіпкердің қылмыстық әрекетінің салдарынан келтірілген залал сомасы 104,8 млн теңгені, ал кәсіпкер мен шенеуніктің ортақ қылмыстық әрекеттерінің салдарынан келтірілген залал сомасы 32,8 млн теңгені құрады.
Сотта кәсіпкер кінәсін мойындағанымен, шенеунік кінәсін мойындамады.
Сот үкімімен кәсіпкер 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Шенеунік белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.