Үндістан мен Пәкістан атысты тоқтатуға келісті

/
Үндістан мен Пәкістан атысты тоқтатуға келісті
Фото:depositphotos.com

Пәкістан мен Үндістан атысты толық және дереу тоқтатуға келісті. Бұл туралы Пәкістанның Сыртқы істер министрі Исхак Дар мәлімдеді. Оның айтуынша, Пәкістан егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтай отырып, аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге әрдайым ұмтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде бұл келісімге Америка Құрама Штаттарының делдалдығымен қол жеткізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, түнгі келіссөздерден кейін Үндістан мен Пәкістан атысты толық тоқтатуға келіскен. Трамп екі тарапты сабыр мен парасаттылық танытқаны үшін құттықтады.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында вице-президент Дж.Д. Вэнспен бірге Үндістан мен Пәкістанның жоғары лауазымды тұлғаларымен келіссөздер жүргізгенін хабарлады. Ол екі ел бейтарап аумақта бірқатар мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге келіскенін айтты.

Hindustan Times порталы атысты тоқтату режимі жергілікті уақытпен 17:00-де күшіне енгенін нақтылады. Тараптар құрлықта, әуеде және теңізде барлық әскери іс-қимылдарды тоқтатуға келісті.

Алайда атысты тоқтату туралы келісімге дейін екі ел арасында жағдай айтарлықтай шиеленіскен болатын. 10 мамырда Пәкістан Үндістанға қарсы "Банян ун Марсус" ("Берік қабырға") атты ауқымды әскери операция бастағанын хабарлады. Бұл операция аясында Үндістанның бірқатар стратегиялық нысандарына соққы берілген. Пәкістан Адампур әуе базасын жойғанын мәлімдеді.

Үндістанның Қорғаныс министрлігі Пәкістан 10 мамырға қараған түні Джамму мен Кашмир аймағындағы тұрғын аудандарға дрондар арқылы шабуыл жасап, бейбіт халық пен діни орындарға қауіп төндіргенін, сондай-ақ медициналық және білім беру мекемелеріне соққы берілгенін хабарлады.

Пәкістан мен Үндістан арасындағы шиеленіс 22 сәуірде Пахалгам қаласы маңында, даулы Джамму мен Кашмир аумағында болған шабуылдан кейін өрши түсті. Ол оқиғада 27 бейбіт тұрғын қаза тапты. Осыған байланысты Үндістан 7 мамырда Пәкістанға қарсы "Синдур" әскери операциясын бастағанын жариялады. Пәкістан жағы зымыран соққыларымен жауап қайтарды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары