Әуе қауіпсіздігінің күзетшісі

Әуе қауіпсіздігінің күзетшісі
жеке мұрағаттан

Инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету бөлімінің аға инженері – бұл авиациялық техника мен инфрақұрылымды техникалық тұрғыдан қамтамасыз етуге жауапты. Негізгі міндетімізге – ұшақтар мен тікұшақтардың техникалық жағдайын қадағалау, олардың уақытылы жөнделуі мен техникалық қызмет көрсетілуін ұйымдастыру, ұшу қауіпсіздігін сақтау мақсатында барлық техникалық процедуралар мен стандарттардың орындалуын бақылау, жөндеу-техникалық қызмет көрсету бөлімдерімен тығыз жұмыс жасау, қажетті қосалқы бөлшектер мен құрал-жабдықтарды уақытында жеткізуді ұйымдастыру, кадрларды оқыту және үйлестіру, мамандардың біліктілігін арттыру, олардың жұмысын бақылау және үйлестіру, сонымен қатар жаңа технологияларды енгізу кіреді. Бұл – заманауи техникалық шешімдер мен жабдықтарды енгізу арқылы техникалық қызметтің тиімділігін арттыруда өте маңызды.

Көк аспанға көтерілген әрбір әскери ұшақ – елдің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін күзететін қанатты қорған. бірақ сол ұшақтың сәтті ұшып-қонуы, ұшқыштың амандығы мен тапсырманың орындалуы кездейсоқтық емес – бұл жүздеген маманның еңбегінің нәтижесі.

Әскери әуе қауіпсіздігі – ұлт қорға­ны­­­­­сының негізгі тірегі. Бұл жай ға­на ереже емес, күнделікті тәртіп пен өмір­лік маңызы бар талап. Әуе кемелерінің ұшу алдындағы тексерісі, ұшқыштардың пси­хологиялық дайындығы, техникалық қыз­мет пен апаттың алдын алу – осының бә­рі әскери әуе қауіпсіздігінің құрамдас бө­лігі. Бұл салада бірде-бір ұсақ-түйек бол­мауы керек, өйткені әрбір ақау – үлкен қа­тердің бастауы болуы мүмкін.

Әуе қауіпсіздігіне жауапты маман­дық­тар­дың маңызы өте жоғары, себебі олар­дың жұмысы адамдардың өмірін, ұшу қауіпсіздігін және бүкіл авиа­ция­лық инфрақұрылымды тікелей қор­ғауға бағытталған. Инженерлік-авиа­ция­лық қамтамасыз ету бөлімі – авиация са­ла­сының тірегі. Бұл мамандар әскери ұшақ­тар мен тікұшақтардың сенімді әрі қауіп­сіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, жауын­герлік тапсырмаларды орындау ке­зінде адам шығыны мен техникалық апат­тар­ды болдырмауға барын салады.

Біз 7 мамыр – Отан қорғаушылар ме­ре­кесіне орай әуе қауіпсіздігінің күзет­ші­сіне айналған маман, майор Бақыт Ай­на­бековпен әскери жолы, кәсіби қызметі мен аза­маттық ұстанымы жайында әңгі­ме­лес­кен болатынбыз. Бақыт Убайдуллаұлы – Шымкент қаласындағы 55652 әскери бө­лім­де Инженерлік-авиациялық қамта­ма­сыз ету бөлімінің аға инженері.

Ол республикалық әскери мектеп-ин­тернатты бітірген соң Ақтөбе қала­сын­дағы Жоғары әскери авиациялық учи­лищесіне оқуға түсіп, оны 2001  жылы тә­мамдайды. Дипломын қолға алған соң еңбек жолын Шымкентте 55652 әскери бө­лімде авиациялық жабдықтарды қам­та­масыз ету жөніндегі техник болып бас­тай­ды. Екі жылдан соң Талдықорған қаласына аға техник болып ауысады. 2012 жылы Ақ­тау қаласына аға инженер болып бара­ды. Сонда 4 жыл еңбек етіп, 2016 жылы өзі­нің туған жері Шымкент қаласына ке­ліп қызметін жалғастырады.

Бақыт Убайдуллаұлы өзінің әскери қыз­метін мақтанышпен атқарады. Ол үшін әске­ри қызмет тек мамандық емес, өмірлік мис­сия. Сондықтан да өз жұмысында жо­ғары жауапкершілік пен тәртіпке ерекше мән береді.

– Біздің жұмысымыз көзге көрінбейтін, бірақ әуе кеңістігіндегі әрбір сәттің қауіп­сіздігін қамтамасыз ететін маңызды еңбек. Мін­детіміз – ұшқыштың көкке көтерілуін ғана емес, аман-есен жерге қонуын да қам­та­масыз ету. Бір қарағанда, инженер жұ­мы­сы тек техникамен байланысты болып көрінуі мүмкін. Бірақ біз адамдардың өмірі­не жауаптымыз. Сондықтан бұл – үл­кен жауапкершілік жүктейтін мамандық. Күн сайын жаңа міндеттер, күтпеген жағ­дай­лар туындап жатады. Әр ұшуға 100 пайыз дайын болуымыз керек, – дейді майор.

Қазір Бақыт Убайдуллаұлы бөлімнің тікұшақтарына жауапты аға инженер. Ол авиациялық техниканың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейді. Әрбір ұшу алдында тікұшақтардың тех­никалық жай-күйін мұқият тексеріп, ұшу­ға рұқсат береді. Бұл жұмыста қателікке жол жоқ, себебі әрбір техникалық ақау адам өміріне тікелей әсер етуі мүмкін.

Бақыт Айнабековтің басқаруындағы топ бірнеше ондаған тікұшаққа қызмет көр­се­теді. Білікті маман заманауи диагнос­ти­калық құралдарды жан-жақты меңгер­ген. Терең білімі мен байыптылығы сын са­ғат­та дұрыс шешім қабылдауына оң әсер етеді. 

– Инженерлік-авиациялық қамта­ма­сыз ету бөлімінің аға инженері – бұл авиа­ция­лық техника мен инфрақұры­лым­ды тех­никалық тұрғыдан қамтамасыз етуге жауап­ты. Негізгі міндетімізге – ұшақтар мен тікұшақтардың техникалық жағдайын қадағалау, олардың уақытылы жөнделуі мен техникалық қызмет көрсетілуін ұйым­дастыру, ұшу қауіпсіздігін сақтау мақ­сатында барлық техникалық проце­дуралар мен стандарттардың орындалуын бақылау, жөндеу-техникалық қызмет көр­сету бөлімдерімен тығыз жұмыс істеу, қа­жетті қосалқы бөлшектер мен құрал-жаб­дықтарды уақытында жеткізуді ұйым­дастыру, кадрларды оқыту және үйлестіру, мамандардың біліктілігін арттыру, олар­дың жұмысын бақылау және үйлестіру, со­нымен қатар жаңа технологияларды ен­гізу кіреді. Бұл – заманауи техникалық ше­шімдер мен жабдықтарды енгізу арқы­лы техникалық қызметтің тиімділігін арт­тыруда өте маңызды, – дейді аға и­нженер.

Расында, әуе апаттарының 70-90 пайы­зы адам факторынан туын­дай­ды. Оған техникалық ақау, қателік, нем­құрайлылық жатады. Қауіпсіздікке жауап­ты инженерлер мен инспекторлар осы қа­те­ліктерді ерте анықтап, жазатайым жағ­­­­­дайдың алдын алады.

Аға инженер ретінде Бақыт Айнабеков тек өз жұмысымен ғана шектелмейді. Ол жас мамандарды оқытып, тәжірибесімен бө­лісіп келеді. Әрбір жас маман оның же­тек­шілігімен тәжірибесін шыңдап, авиа­ция­лық техниканың қыр-сырын мең­гереді.

– Жастарға тек білім беріп қоймай, тәр­тіп пен патриоттық рухты да сіңіруіміз қажет. Жаңа келген жас мамандардың көзі жа­нып тұрады. Олар техниканы үйренуге құш­тар. Бірақ бұл салада тек білім жет­кілік­сіз. Салқынқандылық, тәртіп пен елге қыз­мет етемін деген адал ниет болуы шарт. Біз осыны үйретуге тырысамыз, – деді кейіп­керіміз. 

Тәжірибелі маманның бұрынғы шә­кірт­тері бүгінде еліміздің түпкір-түпкірін­дегі әскери бөлімдерде табысты қызмет атқарып жүр. Бұл – Бақыт Убайдуллаұлы үшін үл­кен мақтаныш.

Аға инженер Астана қаласында өткен 7 мамыр Отан қорғаушыларға арналған әс­кери шеруге дайындықты өте жақсы жүр­гізді. Елордада өткен Екін­ші дүние-жүзілік соғысқа 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған әскери шеруде үлкен міндет жүктелді – тікұшақтардың са­палы әрі ақаусыз ұшып-қонуын қам­та­ма­сыз ету. Іс-шараға дайындық барысында инженер күнделікті техникаларды тек­се­ріп, шеруге қатысатын экипаждармен бір­лесе жаттығу жүргізді. Әскери бөлімнің ау­мағында ұшу сынақтары өткізіліп, бар­лық жүйелердің жұмысқа жарамдылығы тек­серілді. Өйткені әрбір қозғалтқыш, әрбір винт – бұл адамдардың өмірі мен ел қауіпсіздігіне жауапты тетік.

– Әскери шеру – ата-бабамыздың ерлі­гін еске алу, олардың рухына тағзым ету, сондай-ақ елге қызмет етудің және жас буын­ның елге адалдығының белгісі. Оған  қа­тысу – үлкен мәртебе, бірақ оның ар­тын­да үлкен еңбек жатыр. Біздің техни­ка­мыз мінсіз болуға тиіс. Сол үшін біз күн-түн демей еңбек етіп жатырмыз, – деді ма­ман.

Адам баласы мамандық пен жар таң­даудан қателеспеуі керек делінеді. Бақыт Убайдуллаұлы сүйікті мамандығын тапқан, өмірлік жарымен тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан бақытты жан. Кейіпкеріміз тек білікті маман ғана емес, үлгілі отбасы иесі. Жұбайымен бірге үш бала тәрбиелеп отыр. Ол қызмет пен отбасылық өмір ара­сындағы тепе-теңдікті сақтау оңай емес екенін біледі. Осы жолда өмірлік жарының бұл міндетті де өз мойнына алып отыр­ға­нына разы.

– Қарулы Күштерде қызмет ету – тек жұ­мыс емес, бұл өмір салты. Әскери салада ең­бек ететін жігіттердің отбасына бөлетін уақ­ыты аз. Өйткені біз мемлекетке қызмет ете­тіндіктен, тәулік бойы дайындық жағ­дайын­да болуымыз керек. Сондықтан о­т­басындағы жауапкершіліктің 70-80 па­йы­зы отанасына қалады. Мен үшін ең үлкен мотивация – балаларым. Олардың бола­шағы үшін еңбектенемін. Әкем маған адал­дық пен еңбексүйгіштік қасиеттерін дарытса, мен де осыны өз ұл-қыздарыма сіңіруге тырысамын. Себебі жақсы маман болу үшін ең алдымен жақсы адам болу керек, – дейді инженер.

Бақыт аға балаларына патриоттық тәрбие бе­ріп, өз кәсібіне деген сүйіспенші­лік­ті жиі айтып отырады. Отба-сылық құн­ды­лық­тарды жоғары бағалай-тын ол ада­м­гер­шілік пен адалдықты басты қасиет са­най­ды. Әскери авиация саласында зор еңбек сіңіріп жүрген маманның кәсіби тәжіри­бесі, тәртібі мен жас буынға берер тәлімі – елі­міздің қорғаныс қабілетін нығайтуға қос­қан қомақты үлес. Ол сынды мамандардың еңбегі – еліміздің тыныш-тығы мен әуе қауіпсіздігінің кепілі. Мұндай азаматтар арқылы болашақ буынға сенім-ділік пен мақтаныш сезімі ұялайтыны сөзсіз.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары