Ұлттық ұландағы полиглот

Ұлттық ұландағы полиглот
жеке мұрағаттан

Тіл үйрену – әлемге тағы бір терезе ашу дейді қытай даналығы. Көп тіл білетін адам көп өмір сүреді деген де тәмсіл бар. Әрбір жаңа тіл – жаңа көзқарас, жаңа мүмкіндік, жаңа өмір. Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, өзге елдің мәдениетін, әдебиетін, тарихын білуге бастайтын жол.

Қоғамда қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін жиі кездестіріп жатамыз. Олар­ға қарап сүйсінеміз, ішіміз жылып, жа­қын тартып тұрамыз. Өйткені бұл олардың өзі тұратын мемлекетті, оның халқын, тілін сый­лайтынын көрсетеді.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз қазақ тілімен қатар өз­бек, түрік, тәжік, кәріс және орыс тілдерін мең­герген –  Шахбоз Саты­бал­диев. Ол ҚР ІІМ Түркістан қаласындағы Ұлт­тық ұланның 5574 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүр. Шымкент қаласында дүниеге келген ол үйінің үлкені. Орта мектепті бітірген соң жұмысқа араласып, кейін Астана қаласында жүргенінде әскерге шақырту алады. Өзінің тала­бының арқасында 6 тілді меңгерген жігіт бү­гінде әскер қатарында жүріп жетінші тіл, ағыл­шын тілін үйреніп жүр. Полиглот сарбаз қыз­мет ететін әскери бөлімге хабарласып, өзі­мен телефон арқылы аз-кем тілдестік.

– Менің ұлтым – тәжік, Шымкент қала­сын­да дүниеге келдім. Ана тіліммен қатар қа­зақ тілін өте жақсы білемін. Қазақы ортада өс­кендіктен қазақша үйрену еш қиын бол­мады. Әрбір тілді меңгеру арқылы сол х­а­лық­тың мәдениеті мен болмысын тереңірек тү­сінуге тырысамын. Қазақ, өзбек, тәжік, түрік, орыс және кәріс тілдерінде еркін сөйлеймін. Қазір ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Бо­ла­шақта қытай және француз тілдерін де мең­герсем деймін. Әлемде шекара жоқ екенін, бі­лім мен тіл арқылы бәрі ашық болатынына тіл үйренген сайын көзім жетіп келеді, – дей­ді Шахбоз.

Оның айтуынша, тіл білу – жай ғана сөз жат­тау емес, ол – мәдениетті тү­сіну, ел мен жер­ді тану, тұлға болып қалып­тасу­­дың басты қа­дамы. Өзбек тілін Өзбек­стан­да білім алған ке­зінде, ал кәріс тілін Корея­да жұмыс істеген 5 жылында үйренген. Түрік және орыс тілдерін күнделікті өмірде, дос-жаранмен араласа жүріп меңгерген.

– Бір тіл – бір адам, ал көп тіл – көп мүм­­­­кіндік. Мен үшін тіл – құрал ғана емес, ол – кө­­­пір. Тіл арқылы адамның жүрегіне жол та­буға болады. «Тіл – халықтың жаны» дейді. Әр тіл – тұтас бір ұлттың тағдыры, болмысы, – дей­ді жас сарбаз.

Ол тіл үйрену үшін ешқандай курсқа не­месе арнайы бағдарламаға қатыс­па­ған. Ең басты әдісі – ортаға бейімделіп, сөй­лесуге қорықпау. Жаңа сөздерді дәптерге жа­зып, қазақ, өзбек немесе тәжік тіліндегі ба­ламасымен салыстырып, сөйлем құрап отырған. Бұл әдіс оны тілді сезінуге, ой еркіндігін дамытуға жетелеген.

– Тіл үйренуімнің ешқандай құпиясы жоқ. Ең бастысы – ықылас пен табандылық. Мен бір сөзді жаттаған кезде, оны міндетті түрде 2-3 тілде салыстырамын. Сонда ол есте ұзақ қалады. Маған кәріс тілін үйрену қиынға соқты. Бірақ ортаның әсері мені тез бейімдеді. Жанымда жүрген достарым көп көмектесті. Екі жыл ішінде еркін сөйлейтін деңгейге жет­тім, – дейді ол.

Шахбоз тіл білгеннің пайдасын әскер қа­тарында жүріп те көріп жүр. Түр­кіс­тан бүгінде шетелдік туристердің де сүйік­ті мекеніне айналды. Әсіресе, қаладағы тәр­тіпті бақылауға шыққан кездерде турис­тер­мен түрлі тілде сөйлесіп, жол көрсетіп, тәртіп сақшыларына да көмек көрсететін сәттері көп.

– Әскери өмір маған физикалық тәртіп­пен қатар ішкі тәртіпті де үйретті. Мені төзімділікке, сабырлылыққа баулыды. Мұнда бір жыл уақытыңды емес, болашағыңды баға­лайсың. Әскер қатарында жүріп тіл үйрену қабілетімді одан әрі дамытуға мүмкіндік ал­дым. Себебі Түркістан қаласына әлемнің әр түпкірінен туристер ағылып келеді. Ал мен қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті қада­ға­лау кезінде шетелдіктерге жиі көмек­тесіп тұра­мын. Бірнеше тіл білгеннің арқасында олар­ға заң мен ережені түсіндіруде еш қинал­май­мын. Көпұлтты ортада тіл білу – аса қа­жет. Бұл – елге қызмет етудің жаңа бір қы­рына айналды. Әскерде жүріп тіл білудің маңы­зын терең түсіндім. Бос уақытымда кі­тап­ханаға келіп, ағылшын тіліндегі кітап­тар­ды оқимын. Болашақта қытай және француз тілдерін үйренгім келеді, – дейді ол.

Жас сарбаз болашақта шетелде білім алып, дипломат болуды армандай­ды. Бұл арманының астарында үлкен мақсат – өз елін халықаралық деңгейде таныту, ел мен ел арасындағы байланысқа дәнекер болу ниеті жатыр.

– Дипломат болу үшін көп тіл білу ғана емес, елін сүю, адал қызмет ету қажет. Мен тіл үйрену арқылы өзімді таба алдым. Тіл ма­ған сенімділік, көзқарас, кең өріс сыйлады. «Тіл – елшінің қылышы, тіл қылыштан да өт­кір» дейді ғой. Соның шындығына көзім жет­ті, – дейді кейіпкеріміз.

Тіл білу арқылы ел дамуына үлес қосуды қа­лайтын Шахбоздың достары да әртүрлі ұлт өкіл­дері. 

– Әр тіл – жаңа әлем. Тілді үйренген сайын адам ішкі дүниесін де кеңейтеді. Әлем­ді түсінудің ең тиімді жолы – сол халықтың тілін меңгеру. Тіл – адамның жанын, рухын тәрбиелейді. Әр халықтың мәдениетін, тұр­мысын, тарихын тілі арқылы ғана терең түсінуге болады. Мысалы, кәріс халқымен бірге жұмыс істеп, олармен күнделікті сөй­ле­се жүріп, олардың еңбекқорлығын, жауап­кершілігін көрдім. Түріктермен араласқанда от­басы құндылығына мән беруді, орыстармен сөй­лескенде тиянақтылықты байқадым. Әр тіл – менің дүниетанымымды кеңейтіп, өзім­ді тәрбиелеудің мектебіне айналды, – дейді сарбаз.

Шахбоз үйдің үлкені, артынан ерген үш інісі бар. Арманы да асқақ – жоғары білім алып, халықаралық деңгейде жұмыс істеп, от­басын құру.

– Ер-азаматқа керегі – тәрбие мен білім. Со­сын елге қызмет ет. «Тілі жоғалған ел – бәрі­нен айырылады» дейді. Сол үшін мен тіл үйре­нуді – ұлтқа қызмет етудің бір жолы деп білемін, – деп аяқтады сөзін сарбаз.

«Жеті жұрттың білін біл, жеті түрлі бі­лім біл» деп осындайда айтылса керек.  Тіл үй­рену жаңа әлемді тану, өзіңді дамыту, өзге­лермен етене байланыс орнату. Ол – жүректі қозғайтын, адамдарды жақындас­тыра­тын, әлем­ді біріктіретін ұлы күш. Тіл білген адам – көпір салушы. Ол халықтар арасында бай­ланыс орната алады. Сондық­тан сөз басында айт­қанымыздай тіл үйрену – өзіңді де, өзгелерді де танудың ең мағыналы жолы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары