«Қазақтелеком» АҚ Маңғыстау филиалының ұжымы елдің жаңа Конституциясын қолдайтынын білдіреді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Филиалда өңірді үздіксіз байланыспен қамтамасыз етіп, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жолында 200-ден астам маман еңбек етуде.
«Қазақтелеком» АҚ Маңғыстау филиалы халық пен мекемелерді заманауи байланыс қызметтерімен және цифрлық сервистермен қамтамасыз ете отырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын алады.
Кәсіпорынның тұрақты жұмысы аймақ тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және цифрлық экожүйені нығайтуға септігін тигізуде.
«Қазақтелеком» АҚ Маңғыстау филиалының басшысы Нүркен Сүйіпов ұжыммен бірге алдағы өзгерістердің маңыздылығына тоқталды.
«Филиал ұжымы Президенттің жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі бастамасын толықтай қолдайды. Ұсынылған өзгерістер ел дамуына серпін беріп, азаматтық қоғамның рөлін арттыруға, сондай-ақ әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға бағытталғанына сеніміміз кәміл. Қазақстанның болашағына өз үлесімізді қосу – біз үшін зор мәртебе. «Қазақтелеком» АҚ Маңғыстау филиалының ұжымы елдің жаңа Конституциясын бір ауыздан қолдайды», — деп атап өтті Нүркен Сүйіпов.
Филиал қызметкерлері жаңа Конституция мемлекеттілікті нығайтуға және қоғамдық-саяси жүйенің тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтады.
«Қазақтелеком» АҚ Маңғыстау филиалы өзінің белсенді азаматтық ұстанымын растай отырып, алдағы уақытта да елдің өркендеуі мен дамуына қызмет етуге дайын.