Майдангерлердің хаттарынан жинақталған кітап жарық көрді

/
Майдангерлердің хаттарынан жинақталған кітап жарық көрді

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Хат жаздым қалам алып қан майданнан» атты кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

Жинақта Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Әзілхан Нұршайықов, Әлия Молдағұлова сияқты батырлармен бірге, 130-ға жуық белгісіз қазақ жауынгерінің майданнан жазған хаттары топтастырылған.

Кітапта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың майданнан оралмаған ағасы Қасым туралы естелік те бар. Хаттар Ұлттық ғылым академиясының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан алынған.

Жинақты құрастыруға университет ғалымдары атсалысқан. Академик Ерлан Сыдықов бұл жұмыстың жалғасын табатынын айтып, «соғыстың шындығын сол кездің хаттары арқылы ғана терең ұғынуға болады» деді.

Жинақтың мақсаты – хабарсыз кеткен жауынгерлердің есімін хаттар арқылы тарихта қалдыру. Алдағы уақытта бұл бағыттағы зерттеулер сериялы кітаптар ретінде жарық көрмек.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары