Микрокредит ұйымдары қарызға қанша пайыз қоса алады?

/
Микрокредит ұйымдары қарызға қанша пайыз қоса алады?
сурет: tula.mk.ru

2024 жылдан бастап Қазақстанда онлайн микрокредиттерге жаңа шектеулер енгізілді: төмен сыйақы, азайған айыппұл, нақты төлем лимиті. Fingramota.kz материалы негізінде қарапайым мысалмен түсіндіреміз.

Онлайн-кредит деген не?

Бұл – жалақыға дейін аз сомаға (көбіне 50-150 мың теңге) онлайн түрде берілетін қысқа мерзімді қарыз. Әдетте 30–45 күнге рәсімделеді.

Мысал: Сіз жалақыңызға 10 күн қалғанда 100 000 теңге онлайн-қарыз аласыз. Айлық келгенде қайтарасыз. Бірақ осы 10 күн үшін сізге белгілі бір сыйақы (пайыз) есептеледі.

1. Сыйақы мөлшерлемесі қысқарды

Бұрын: МҚҰ күніне 1% сыйақы есептей алатын. Бұл – жылына 365%!
Қазір: 2024 жылғы 20 тамыздан бастап күн сайынғы мөлшерлеме 0,3%-дан аспауы тиіс, яғни жылдық 179% шегі қойылған.

Мысал:

Сіз 100 000 теңге алдыңыз.

10 күннен кейін қайтарасыз.

Күн сайын 0,3% – яғни, 300 теңге.

10 күнде сыйақы: 3000 теңге.
Барлығы төлеуіңіз керек: 103 000 теңге.

2. Айыппұл мөлшері азайды

Егер төлем кешіктірілсе:

Бұрын: күніне 0,5% айыппұл салынатын.

Қазір: енді 0,3% ғана.

Мысал:

100 000 теңге қарыз төлеуді кешіктірдіңіз.

5 күн төлемеген жағдайда айыппұл:
100 000 × 0,3% × 5 күн = 1500 теңге.

3. Артық төлемге шектеу қойылды

Ереже: Сіз микрокредит үшін жалпы соманың 50%-ынан артық төлемеуге тиіссіз.

Мысал:

153 150 теңге несие алдыңыз.

Барлық сыйақы, айыппұл, комиссияны қосқанда максимум 76 575 теңге артық төлей аласыз.

Яғни, барлығы 229 725 теңгеден артық болмайды.

4. Қарыз мерзімін ұзарту мүмкін бе?

Иә, бірақ тек:

90 күннен аспайтын мерзімге;

шарттары нашарламайтын түрде (пайыз көбеймеуге тиіс).

5. Бұл талаптар кімге қолданылады?

Сомасы – 45 МРП-дан (2024 жылы – 166 140 теңге) аспауы керек;

Мерзімі – 45 күнге дейін;

2024 жылдың 20 тамызынан кейін рәсімделген келісімшарттарға.

Бұл қадамдар қарыз алушылардың мүддесін қорғауға, әрі жауапсыз несиелеуді тежеуге бағытталған. Онлайн-кредит алмас бұрын, шартты мұқият оқыңыз, пайыз мөлшерін, айыппұл мен жалпы төлем шегін тексеріңіз.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары