Петропавлда 103 жастағы соғыс ардагері дүниеден өтті

/
Петропавлда 103 жастағы соғыс ардагері дүниеден өтті
Фото: СҚО әкімдігі

Петропавлда Жеңіс күніне санаулы күндер қалғанда Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагері Валентина Волкодав өмірден озды.

Валентина Волкодав 19 жасында майданға аттанған. Ол Беларусь және Украина майдандарында көпір салу батальоны құрамында жауынгерлік міндет атқарып, соғыс жылдарында алдыңғы шепке жол ашқан батыр құрылысшы ретінде есте қалды. Жау оғының астында жүріп, іскердің алға жылжуына жол ашты. Оның майдан жолы Еділ жағалауынан басталып, Берлинге дейін жалғасты.

Көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін Валентина Волкодав II дәрежелі Отан соғысы орденімен және бірқатар медальмен марапатталды.

Соғыстан кейін бейбіт өмірге оралып, ел игілігі үшін еңбек еткен Валентина Архиповна қазіргі Астанада керамикалық зауытта бухгалтер болып қызмет атқарды. Кейінгі отыз жылдан астам уақытын Петропавлда өткізіп, айналасындағыларға өмірге деген құштарлығымен үлгі бола білді.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл айтып, ардагердің жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.

— Соғыстың ауыртпалығына қарамастан, Валентина Архиповна әрдайым жарқын жүзді, қайратты әрі өмірге құштар жан болды. Биыл ол 103 жасқа толып, сергектігімен көпшілікті қуантты. Нағыз батырдың жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады, — деді аймақ басшысы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары