«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығы Ж.Р. Мурашимов пен бірнеше лауазымды тұлға бірігіп, 2023–2024 жылдар аралығында жүргізуші куәліктерін заңсыз беру схемасын ұйымдастырған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Олар теориялық және практикалық емтихандар тапсырмай, жүргізуші куәлігін беретіндей схема құрған.
Осы «қызметтері» үшін азаматтардан 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін ақша алған.
Нәтижесінде 500-ден астам адам заңсыз жолмен жүргізуші куәлігін алған.
Тергеу аясында күдіктілердің 200 млн теңгеден асатын мүлкіне тәркілеу мақсатында тыйым салынды. Мүліктер қатарында 2 жеке үй, 2 пәтер, 2 жер телімі және 10 автокөлік бар.
Соттың санкциясымен 12 күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.