Ғалымдар адам миы, денесі мен мінез-құлқы арасындағы байланыстардың бұрын-соңды байқалмаған қырларын ашып жатыр. Жаңа зерттеулер психопаттық ерекшеліктерден бастап, тестостеронның эмоцияға әсеріне дейін көптеген тың мәліметтерді ұсынады. Бұл туралы psypost.com жазды.
1. Психопатиялық ерекшеліктері бар адамдар түзелуге бірдей бейім емес
Translational Psychiatry журналында жарияланған зерттеу психопатиялық ерекшеліктері бар адамдардың мінез-құлықты түзету кезінде кері байланыстан үйрену қабілетінде айырмашылықтар бар екенін көрсетті. Манипулятивтілік, импульсивтілік немесе жанашырлықтың болмауы сияқты белгілері бар адамдарда әртүрлі үйрену қиындықтары байқалады. Мысалы, антиәлеуметтік белгілері бар адамдар қоршаған орта үнемі өзгеріп отырады деп қабылдап, әрекеттер мен нәтижелер арасындағы тұрақты байланыстарды құруда қиындық көреді.
2. Миға зақым келуі – саяси белсенділікті күшейтеді немесе әлсіретеді
Brain журналындағы зерттеу АҚШ әскери ардагерлері арасында жүргізілді. Нәтижесінде белгілі бір ми желілеріне зақым келген адамдардың саяси өмірге қатысуы күшейетіні немесе әлсірейтіні анықталды. Бірақ бұл олардың саяси көзқарастарына әсер етпеген. Зерттеушілер эмоция мен когнитивті бақылауға жауапты ми бөліктері зақымданған адамдар жаңалықтарды көбірек оқып, саясат туралы жиі сөйлесетінін немесе керісінше, мүлде қызықпайтынын байқаған.
3. Тестостерон – эмоциялық сигналдарға деген ми сезімталдығын арттырады
Neuropharmacology журналында жарияланған зерттеу бойынша, тестостерон қабылдаған ер адамдарда әлеуметтік қабылдамау немесе қабылдану жағдайларына мидың реакциясы күшейеді. Яғни олар суреттер арқылы ұсынылған эмоциялық жағдайларға (мысалы, топтан шеттету немесе қабылдау) бейсаналы деңгейде айқын реакция білдірген. Бұл олардың жанашырлығы артты дегенді білдірмесе де, ми әлеуметтік сигналдарды бұрынғыдан жақсырақ байқай бастағанын көрсетті.
4. Кей дәрілер ойлау қабілетіне әсер етуі мүмкін
Brain and Behavior журналында жарияланған ауқымды зерттеу кейбір дәрілердің ойлау мен есте сақтау қабілетіне жеңіл, бірақ елеулі әсері бар екенін көрсетті. 500 мыңнан астам адамның деректері зерттеліп, вальпроат қышқылы мен амитриптилин сияқты препараттар когнитивтік көрсеткіштердің төмендеуімен байланысты болған. Керісінше, ибупрофен мен глюкозамин секілді кең таралған заттар есте сақтау мен зейінге жағымды әсер етуі мүмкін. Ғалымдар бұл әсерді «когнитивтік із» деп атады.