"Тырнағыңыз түсіп, 5 келіге арықтайсыз": Марафонға қатысқан соң денеңізде болатын 7 өзгеріс

/
"Тырнағыңыз түсіп, 5 келіге арықтайсыз": Марафонға қатысқан соң денеңізде болатын 7 өзгеріс
сурет: istockphoto.com

Әлем бойынша марафон маусымы басталды. Астана мен Алматыда жақында марафон өтті. Париж бен Вена, Лондон мен Манчестер сияқты қалаларда көшелер жабылып, мыңдаған адам 42,2 шақырымды бағындыруға шығады.

Бірақ бұл тек физикалық сынақ қана емес. Марафон – ақыл-ой, дене және, кейде, жан үшін күрес. Сонымен, марафон кезінде ағзаңызда не болады?

1. Сіз шын мәнінде бойыңыздан айырылуыңыз мүмкін

Зерттеулер марафон кезінде адамның бойы 1,5 сантиметрге дейін қысқаратынын көрсеткен. Бұл алаңдайтын жағдай емес, омыртқааралық сұйықтықтың азаюы мен бұлшықет кернеуіне байланысты уақытша құбылыс.

2. Судан бас тартпаңыз

Марафоннан кейін таразыға тартылсаңыз, 5 кг-ға дейін салмақ тастағаныңызды байқауыңыз мүмкін. Бұл судың тер арқылы сыртқа шығуынан болады. Сол себепті жол бойындағы су бекеттерін өткізіп алмаңыз. Судың жетіспеуі жүрек айну, әлсіздік пен бұлшықет қалпына келуінің баяулауына себеп болады.

3. Калорияны көп жоғалтасыз

Орта есеппен бір марафон 3500 калорияны жағуға себеп болады. Сондықтан жүгірушілер алдын ала көмірсуға бай тағамдармен қоректенеді. Жүгіру кезінде ағза май мен көмірсудан қуат алады. Жылдам энергия көзі болғандықтан, көмірсу – басты отын. Энергия гелдері дәл осыны толықтырады.

4. Жүгіргеннен кейін тәбетіңіз қашуы мүмкін

25-шақырымда тек тамақ туралы армандап жүгірген боларсыз. Бірақ мәреден өткеннен кейін тамақ жеуге зауқыңыз мүлде болмауы әбден мүмкін. Өйткені интенсивті жаттығулар кезінде қан ағымы жүрек пен аяққа бағытталады, ал ас қорытуға жауапты гормондар, әсіресе аштық гормоны грелин басылып қалады.

5. Ұйқыңыз бұзылуы мүмкін

Марафоннан кейін неге көз іле алмайсыз? Себебі:
– Финиш сызығынан өткен кездегі адреналин
– Эндорфиндердің көбеюі
– Жоғары жүрек соғысы
– Кортизол деңгейінің артуы – бұл күйзеліс гормоны, ол да ағзаға тыныштық бермейді.

6. Тырнақтың түсіп қалуы? Иә, бұл да мүмкін

Бірнеше күн бойы баспалдақпен жүре алмау – ол анық. Бірақ денеңіздің кей жерлері қажалуы, тіпті тырнақтың түсіп қалуы — бәрі марафоншыларға таныс құбылыс.

7. "Марафоннан кейінгі күйзеліс" бар

Бәрі артта қалды. Бірақ неге ішіңіз босап қалғандай? Бұл – антиклимакс. Апталап дайындалып, белгілі бір мақсатпен өмір сүріп жүрген адам марафон аяқталған соң, «енді не істеймін?» деген күйге түседі. Эмоциялық күш түсу, физикалық шаршау, ұйқының бұзылуы – бәрі көңіл-күйге әсер етеді.

Марафон – бұл жай ғана 42,2 шақырым жүгіріп өту емес. Бұл – бүкіл ағзаны сынақтан өткізу. Бірақ осыны біле тұра, марафонға қатысқан әрбір адам жеңіс сезімін сезінуге лайық.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары