Қазақстанда биыл 1363 бала қызылша жұқтырған. Олардың басым бөлігі – екпе алмағандар, деп хабарлады turkystan.kz.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қызылшаға шалдыққан балалардың 75 пайызы вакцина салдырмаған. Ауру көрсеткіші бойынша Жамбыл облысы алда келеді – бұл өңірде 300-ге жуық бала сырқаттанған. Одан кейінгі орында – Астана қаласы мен Ақмола облысы.
Мамандардың айтуынша, биылғы жағдай өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда тұрақты. 2023 жылы дәл осы кезеңде қызылша жұқтырғандар саны 21 мыңнан асқан еді.
Сондай-ақ көкжөтелге байланысты жағдай да жақсарған. Былтыр 550-ге жуық бала осы дертке шалдықса, биыл тіркелген жағдай – 183. Оның ішінде 89 пайызы екпе алмаған.
"Қызылша мен көкжөтел – ауа арқылы тез тарайтын жұқпалы аурулар. Оларды тек вакцина арқылы ғана тоқтата аламыз," – дейді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бас маманы Эльмира Құрбанбекова.
Оның айтуынша, қызылшаға қарсы екпе балаларға 1 және 6 жасында салынады. Көкжөтелге қарсы да дәл осындай егулер қарастырылған. Сондықтан дәрігерлер ата-аналарға балаларына уақытылы вакцина салдыруды қатаң ескертеді.