Ұлттық кітап күні аясында Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында «100 кітап» сауалнамасының таныстырылымы өтті.
Игі бастаманың таныстырылымын ашып сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары Ерлан Қарин: «Бұл бастаманың негізгі мақсаты – таңдаулы деген 100 туындының тізімін ғана жасақтау емес, сауалнама барысында азаматтарды осы авторлардың туындыларын талқылауға шақыру. Сауалнама eGov порталы арқылы жүргізілетін болады. Еліміздің кез келген азаматы арнайы анкета дайындалған eGov Mobile қосымшасына тіркеле отырып, өзінің он үздік таңдаулы кітаптарын ұсына алады. Бұл кітаптар әртүрлі жанрда болуы мүмкін. Тарихи шығармалар, көркем әдебиет, балалар әдебиеті, фантастика, детектив, тағысын тағы. Сауалнама үш ай бойы жүргізілетін болады. Сауалнама нәтижесін біз тамыз айында, Абай күнінің қарсаңында жариялаймыз», – деп атап өтті.
Жобаға еліміздің кітап дүкендер жүйесінің ірі сатушыларының бірі – «Меломан» кітап дүкендер желісі қолдау көрсетіп отыр. Олар белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар тағайындаған. Жеңімпаздар арасында ең жас оқырманнан бастап, бүтін отбасымен дауыс бергендер де сарапталып, марапатталады. «100 кітап» – бұл жай ғана рейтинг емес. Бұл – әрбір қазақ оқырманының таңдауы арқылы ұлттық әдеби канонды қалыптастыру, отандық авторлардың мәртебесін көтеру, ұрпақты оқуға, ойлауға баулу жолындағы нақты қадам болмақ.