23 сәуірде Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Ұлттық кітап күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлады turkystan.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, танымал ақын-жазушылар, Мемлекеттік сыйлық иегерлері, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, баспас саласының өкілдері, облыстық кітапханалардың басшылары және шығармашылық зиялы қауым қатысты.
«Сан ғасырлар өтсе де, кітаптың адамзат үшін маңызы өзгерген жоқ. Бүгінде кітап – зияткер ұлт пен саналы қоғам қалыптастырудың негізгі құралына айналды. Қазіргі таңда қолданып жүрген барлық технология, медицина, өнер бәрі де кітап оқу арқылы дамыған. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, кітап ұлттың рухани құндылығына айналуы тиіс. Ұлттық кітап күнін атап өтудің басты мақсаты – осы», - деді Ерлан Қошанов құттықтау сөзінде.
Салтанатты іс-шара аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі жариялаған «Ұлттық кітап» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Байқауға кейінгі екі жылда жарық көрген отандық авторлардың туындылары ұсынылып, 9 номинация жеңімпаздары мен «Жыл кітабы» анықталды.
Байқауға 120-дан астам өтінім түскен. Әр номинация бойынша жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шара барысында сирек кітаптар мен қолжазбалар, Жеңістің 80 жылдығына арналған әдебиеттер, сондай-ақ 2024 жылы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген 200-ге жуық кітап пен суреттердің көрмесі ұсынылды.
Айта кетейік, Ұлттық кітап күніне орай 16–23 сәуір аралығында республика бойынша 300-ден астам тақырыптық іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған челлендж өтті. Оған алғашқылардың бірі болып ақын-жазушылар мен мәдениет қайраткерлері қатысып, көпшілікті кітап оқуға шақырды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 23 сәуір елімізде Ұлттық кітап күні болып бекітілген болатын. Мереке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес енгізілді.