Мәулен Әшімбаев: Кітап оқуға құмарлық ұлтымыздың әлем өркениетіндегі орнын бекемдей түседі

/
Мәулен Әшімбаев: Кітап оқуға құмарлық ұлтымыздың әлем өркениетіндегі орнын бекемдей түседі
gov.kz

Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанда басталған ауқымды «Бірге кітап оқиық» жобасына қатысып, Ұлттық кітап күнімен құттықтады, деп хабарлады turkystan.kz.

«Баршаңызды Ұлттық кітап күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен биыл алғаш рет аталып өтіп жатыр. Мұндай игі істің мәні зор, тағылымы терең. Себебі бұл – озық ойлы ұлт қалыптастырудың және елімізде адами капиталды дамытудың бірден-бір жолы.

«Халқымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген сөзі бар.

Шын мәнінде, білімге ұмтылу, талмай іздену, кітапқа құмарлық және жаңа идеяларға ашықтық ұлтымыздың әлем өркениетіндегі орнын бекемдей түсетіні анық. Сондықтан аталған жалпыұлттық күнді мазмұндық тұрғыдан байытып, оның мәртебесін арттыруға баршамыз белсенді қатысуымыз керек.

Осындай мақсатпен Ұлттық кітап күні қарсаңында «Бірге кітап оқиық» марафонына үн қостық. Іс-шара аясында Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдік ағамыз көпшілік болып оқитын келесі кітапты анықтау эстафетасын бізге табыстап еді. Сол үшін ағамызға зор алғыс білдіреміз.

Мен, өз кезегімде, жалпы оқырманның, әсіресе жастардың білім көкжиегін кеңейту үшін бірнеше кітапты ұсындым. Мұндағы мақсат – өскелең ұрпақты көркем әдебиетпен қатар, ғылыми-танымдық еңбектерді оқуға ынталандыру және әлемдік ауқымдағы шығармаларды ана тілімізге аудару ісін қолдау.

Ұлттық кітап күні құтты болсын! Қазақ елі Президентіміз айтқандай, жаппай кітап оқитын ұлтқа айналсын!», - деді Сенат спикері.

Бөлісу: