Ұлттық банк азаматтарға алаяқтар банктің ресми бланкісін қолданып, жалған құжат ұсынған жағдайлар жиілеп кеткенін ескертті, деп хабарлады turkystan.kz.
Алаяқтар Ұлттық банк атынан байланысқа шыққанда азаматтарға кредит шоты барын немесе кредит қарызын өтеуі керек екенін хабарлап, жалған хат жібереді.
«Сенімге кіру үшін жалған құжаттарға Ұлттық банктің «уәкілетті тұлғасы» қойған қолын, аты-жөні мен мөрін басады. Қаскөйлер мұндай жалған мәліметтерді азаматтарға ақша аудартып, қаражатын ұрлау үшін де ұсынады», – деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, олар Ұлттық банк қызметкерінің бет-бейнесін қолдана отырып, жалған бейнероликтер жасау үшін жасанды интеллект технологияларын пайдаланады.
«Осыған байланысты Ұлттық банк азаматтарды қырағы болуға, күмәнді шоттарға ақша жібермеуге, дәйексіз хабарламалар мен тексерілмеген құжаттарға сенбеуге шақырады. Ұлттық банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, азаматтарға кредит берумен айналыспайтынын, заңгерлік қызмет көрсетпейтінін, сондай-ақ, халықпен өзара ақшалай есеп айырысу жүргізбейтінін еске саламыз», – деп жазылған хабарламада.
Ұлттық банк үшінші тұлғалар тарапынан жасалатын алаяқтық әрекеттерге жол бермеу үшін мемлекеттік органдардың немесе Ұлттық банк қызметкерлерінің атынан бейтаныс адам қоңырау шалған кезде әңгімені тоқтатып, қажет болған жағдайда мемлекеттік органның ресми нөміріне өз бетінше хабарласуды ұсынады.
Алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына хабарласу керек. Кеңес алу үшін Ұлттық банктің байланыс орталығына, 1477 қысқа нөміріне хабарласқан жөн.