сенбі, 19 сәуір, 2025

ЭКО жасатқан әйел бөтен біреудің баласын дүниеге әкелген

/
сурет: istockphoto.com

Аустралиялық әйел ЭКО арқылы басқа біреудің баласын дүниеге әкелген. Клиника бұл қатені «адами фактор» деп түсіндірді.

Аустралияда ЭКО кезінде өте сирек кездесетін қателік болған. Пациентке басқа жұптың эмбрионы салынған, нәтижесінде ол генетикалық тұрғыдан бөтен баланы дүниеге әкелді. Аустралиядағы ірі ЭКО клиникасы бұл бұрын-соңды болмаған жағдай үшін көпшілік алдында кешірім сұрады. Компанияның мәліметінше, бұл қателік «адами фактордың» салдарынан болған. Ел бойынша 100-ден астам клиниканы басқаратын компания қызметкерлерінің бұл оқиғаға «қайғы жұтқанын» айтты. Бұл – Австралияда ЭКО әдісі қолданылған 40 жылдағы алғашқы осындай жағдай.

Қателік 2025 жылғы ақпанда белгілі болған. Биологиялық ата-аналар қалған эмбриондарын басқа клиникаға ауыстыруды сұрағанда, сақтау қоймасынан «артық» эмбрион табылған. Ішкі тексеріс кезінде басқа бір эмбрион қате ерітіліп, пациентке салынғаны анықталды. Клиника орналасқан Квинсленд штатында заң бойынша босанған әйел мен оның серіктесі баланың заңды ата-анасы болып есептеледі. Дегенмен, репродуктивті құқық бойынша заңгер Сара Джеффордтың айтуынша, Аустралияда мұндай жағдайларда әкелік құқықты даулауға қатысты прецеденттер болмағанымен, генетикалық ата-аналар эмбриондарын пайдалануға келісім бермегенін алға тартып, бұл құқықты даулау мүмкін. Бала тағдыры оның мүддесін ескере отырып шешіледі, бірақ бұл жағдай барлық тараптарға өмір бойы әсер етеді, – дейді сарапшы. Осындай жағдай АҚШ-та да болған – ақ нәсілді әйел эмбрион ауысып кеткендіктен қара нәсілді баланы дүниеге әкелген.

Клиника жұптар жайлы мәліметті, босану мерзімін және баланың қазіргі қайда екенін жарияламай отыр, себебі бұл ақпарат құпия саналады. Аустралия мен Жаңа Зеландияның репродуктология қоғамы зардап шеккен отбасыларға қолдау білдіріп, «барынша ашықтық» қажет екенін атап өтті деп жазады CNN.

Өткен жылы осы оқиға орын алған клиника 700 бұрынғы пациенттің ұжымдық шағымын реттеу үшін 56 миллион Аустралия доллары (35 миллион АҚШ доллары) төлеуге келісім берді. Талап қоюшылардың айтуынша, компания эмбриондардың генетикалық тестілеуінде жалған оң нәтиже шығу қаупі туралы ескертпеген. Соның салдарынан өмір сүруге қабілетті эмбриондардан бас тартылған.

2022 жылы АҚШ-тың Орегон штатындағы жұп 30 жыл бұрын мұздатылған эмбриондардан туған егіздерді дүниеге әкелді. Сарапшылардың пікірінше, бұл – тірі тууға алып келген ең ұзақ криоконсервация болуы мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары