WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы Х желісінде келесі қарсыласын анықтап, оған ұсыныс тастады.
Спортшы үшінші атақты алуы қажет екенін мәлім етті.
«Дәл қазір маған үшінші белбеуді әкелетін жекпе-жектен басқасы қызық емес», - деп жазды қазақстандық спортшы.
Осылайша ол орта салмақтағы WBC чемпиондық белбеуінің қазіргі иегері – доминикандық Карлос Адамесқа ұсыныс тастады.
«Карлос Адамес, мен менеджеріме тек сенімен жекпе-жекке шыққым келетінін айттым! Енді сенің кезегің. Командаңмен сөйлесіп, осы жекпе-жекті өткізейік - ешқандай сылтау, уақыт созу болмасын. Жанкүйерлерге өз қалағанын берейік!» - деп жазды Әлімханұлы.