сейсенбі, 15 сәуір, 2025

«Эгоист екен»: Адвокат Ләззат Ахатова Әнару Құрманәлі туралы бар шындықты жайып салды

/
Әлеуметтік желіден

Адвокат Ләззат Ахатова қоғамда резонанс тудырған Әнару Құрманәлі ісіне байланысты мәлімдеме жасады. Ол әлеуметтік желіде жәбірленуші тараппен арадағы жеке хат алмасулардың скриндерін жариялауға мәжбүр болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Ахатова өзінің бұл іске неге үнсіз келгенін түсіндіріп, «майда-шүйдемен елдің миын ашытпас үшін» көпшілікке ашық мәлімдеме жасамағанын алға тартты. Алайда соңғы оқиғалар мен жәбірленуші тараптың әрекеттері оны шындықты айтуға итермелеген.

«Ең басты айтарым – зорлық орын алды. Бұл – ақиқат. Ал Тұраровты қолдайтындар түрлі органдарда отырғандықтан, қылмыстың ашылуына тосқауыл көп болды. Олардың араласатын ортасы, тіпті отбасылары да оның есірткіге тәуелді екенін біледі. Бірақ бізде мұндай қылмыстар кез келген адамға қатысты ашыла бермейді», – дейді адвокат.

Ахатова істе тек құқық қорғаушы рөлінде ғана емес, ана ретінде, психолог ретінде де араласуға мәжбүр болғанын айтты. Жәбірленушінің мінез-құлқы мен әрекеттері адвокатқа моральдық тұрғыда ауыр тиген.

«Ал жәбірленушіге келсек.. Жақсылықты бағалай алмайтын, өзіне керек кезде ғана жақсы сөйлеп, өз қателігін өлсе түсінбейтін, тек өзгелерді кінәлауға, каприздері орындалмаса, манипуляция жасауға бейім эгоист екен, қазіргі жастар.. Соны ұқтым», – дейді ол.

Адвокат бұл істі қысқартудан құтқарып, қайта тергеу жұмыстары жүргізілгенін, барлық талап-тілектерін іске асырғанын атап өтті. Енді бұл күрестен кейін өзіне ешкімнің өкпе артпауын сұрайды. Ахатова бұл істің тек бір адамның мәселесі емес, жүйелік проблема екенін жеткізді.

«Жемқорлық пен тамыр-таныстық жайлаған жүйеде әділдікке жету өте қиын. Жалғыз өзім бәрін жеңе алмайтыным анық», – деді ол.

Соңында адвокат ел ішінде бұл оқиғаға қатысты тараптар айтқан пікірлер мен эмоциялық реакцияларды ескере отырып, өз уәжін ашық жеткізуді жөн көргенін мәлімдеді.

«Жеке әңгімелерді жариялайын деген ниетім жоқ еді. Ертең сайттар іліп әкетсе, бізге тілеулес ел түсінбей қалмасын, менің уәжімді да назарға алсын деп, Сіздерден ештеңе жасырмауды жөн көрдім. Соңғы кездері істегі қиындықтардан бөлек, басқа нәрселерден, жәбірленушінің әрекеттерінен де, әкесінің әрекеттерінен де морально шаршадым.. Былтырғы тамыздан бері осы іске қатысты не өтпеді басымнан?.. Біреудің отбасылық проблемаларына, қарым-қатынастарындағы күрделі жағдайлар мен өкпе-налаларына еріксіз куә боп, араласуға да мәжбүр болыппын. Адвокат қана емес, психолог, няня да боп кеттіппін. Сонда да мамандығыма адал болдым. Қысқарған істі жанымды салып, бұздыртып, тергеуге бүкіл талабымызды орындаттық. Енді ешкімнің өкпесі жоқ шығар, маған?», – деп түйіндеді Ахатова.

Бөлісу: