Жақында бүлдіршіндірмен бірге билеп, сахна сыртында оларға қимыл-қозғалыстарын көрсетіп тұрған «биші атаның» видеосы желіде кең тарады. Жасы келсе де шаршамайтын, жұмысына жан-тәнімен берілген қария бірден көпшіліктің көзайымына айналды. Turkystan.kz сайтының тілшісі көпшілікті тәнті еткен хореограф Ерсін Жүсіповке хабарласып, тілдескен еді.
Амангелді ауданында қызым екеумізден басқа биші болмады
«1949 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Байғабыл ауылында дүниеге келдім. Сол жерде 8 жылдық мектепті бітіріп, Амангелді ауданының орталығында 9-10 сыныпты тәмамдадым. Мектеп бітіргенге дейін би билеу икемім бар екенін білген жоқпын. Ауылда ешкім билемейді ғой. Бірақ бала күнімде әртіс болғым келетін. Үлкендер әртістікті құп көрмеді. Ол кездері ауылдағы ең абыройлы мамандық – зоотехник, веттехник еді ғой. Сөйтіп мектептен кейін Қостанайдағы Ауыл шаруашылық техникумына түсіп, онда 3 жыл оқып, ветеринар мамандығын алып шықтым. Техникумда оқып жүргенде жетекшімізге би билейтін ұлдар керек болып, бәрімізді шақырып алды. Бастапқыда қорыққаннан биледік (күліп). Кейін өзім қызығып кеттім. Оқуымды аяқтаған соң Амангелді ауданының бір совхозында веттехник болып жұмыс істедім. Сол ауылда жүргенде бір аудандық жарысқа қатысып, билеп, көзге түссем керек. Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы мені көріп, мәдениет бөліміне жұмысқа шақырып алды. Сөйтіп бірнеше жыл сол жерде жұмыс істедім. Балаларды жарысқа дайындап апаратынмын. Сондай күндердің бірінде сол кездегі Торғай облысында белді қызмет атқарған Өзбекәлі Жәнібеков Арқалық қаласының бишісі екеумізді шақырып алып «Торғай жігіттерінің биі» деген би дайындаңдар» деп тапсырма берді. Сөйтіп, біз 3 ай бойы сол биді дайындап, облысымыздың атынан фестивальге қатысып қайттық», – дейді сыр тарқатқан ақсақал.
Сол кезден бастап Ерсін ата би өнері десе ішер асын жерге қоятын деңгейге жетіп, басқа еш салаға мойын бұра алмаған.
«Әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін Қостанай пединститутының химия-биология факультетіне түстім. Бітірген соң туған ауылыма келіп, химия-биологиядан сабақ бердім. Бірақ есіл-дертім би болды да тұрды. Кішкентай балаларға би үйрете бастадым. Сол аралықта өзімнің тұңғыш қызым өмірге келді. Сол қызым 2-сынып оқығаннан бастап 5-сыныпқа дейін бірге биледік. Амангелді ауданының жеке ансамблі, оркестрі болды. Бір жаққа концертке шығатын болса қызым екеумізді шақырып алады. Ол кезде Амангелді ауданында қызым екеумізден басқа биші болмады. Концерттік бағдарламаға әкелі-балалы болып, екі-үш би дайындап барамыз. Сөйтіп Қазақстанның түпкір-түпкірін шарладық. Екеуміз бақытты сәттерді бастан өткіздік. 5-сыныпқа келгенде қызым «Әке, енді сенімен билемеймін, ұят болады. Қыздармен билеймін» деп мектептегі би үйірмесіне кетті. Мен содан кейін өзім билегенді қойып, тек балаларды дайындайтын болдым», – дейді өзі.
Кейін ақсақал отбасымен Арқалық қаласына қоныс аударады. Мұнда да би өнерін бағалаушылар бұл кісінің соңынан қалмаған көрінеді.
«Арқалыққа келгеннен кейін мектепке жұмысқа барып едім, мектеп директоры «Химия-биология пәнінің мұғалімі қажет емес, бізге ырғақ (ритмика) пәнінен сабақ беретін маман керек. Сіз сол пәнді алып, би үйірмесін ашсаңыз» деп ұсыныс айтты. Одан кейін менің қалаға көшіп келгенімді естіп алып, Арқалық мәдениет сарайының басшылығы жұмысқа шақырды. Сөйтіп мектеп пен мәдениет сарайында қатар істедім. 1997 жылы сол мәдениет сарайында «Ақбота» деген ансамбль аштым. 2004 жылы «халық-би ансамблі» атағын алдық. Ол ансамбль әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Қазіргі жетекшілері – бұрынғы шәкірттерім. 2005 жылы өзіме «Мәдениет қайраткері» атағын берді. 2012 жылы ансамбльді шәкірттеріме тапсырып, зейнетке шықтым», – дейді қария.
Зейнетке шыққан соң отбасымен Астана іргесіндегі ауылға көшіп келген. Оның мықты би маманы екенін білген көпшілік мұнда да оны өнерге қайта араласуға қолқалапты. Түрлі орталық өкілдері оны хореограф қызметіне шақырған. Қазір Қояндыдағы ауылдық клуб пен Астанадағы «Болашақ» өнер-спорт мектебінде балаларды биге баулиды. Жасы 76-ға келген қария машақаты көп би өнерінен еш жалықпайтынын алға тартады.
«Қазір түрлі жастағы, түрлі топтағы балаларға би үйретемін. Төрт жастан бастап 7 сыныптың оқушыларына дейін бар. Жасым келген соң ара-тұра қатты шаршаймын. Үйде отырған кездерімде шай ішуге де шамам келмей, аяғымды баса алмай қалатын сәттерім болады. Бірақ жұмысқа қалай келемін. Балалармен билеп, оларға бидің қыр-сырын үйреткенде бәрін әп-сәтте ұмытып кетемін. Әлі күнге таяқ ұстамай, секіріп жүргенім осы билегеннің арқасында шығар. Конкурстан, концерттен кейін балалардың мәз болып шығып келе жатқанын көргенде төбем көкке екі елмей жетпей қалғандай, қуанышымда шек болмайды. Баланың күлкісі бәрін ұмыттырады. Сол сәттің куәсі болғаным үшін Құдайға шүкір деймін», – дейді ақсақал сөз соңында.