жұма, 18 сәуір, 2025

Жамбыл облысында 86 ата-ана жауапқа тартылды

/
Polisia.kz

10 сәуір мен 6 мамыр аралығында Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған республикалық «Жасөспірім» акциясы өтіп жатыр, деп хабарлады turkystan.kz.

Іс-шараның алғашқы күнінде 542 полиция қызметкері білім, денсаулық сақтау, прокуратура және қоғам өкілдерімен бірлесіп жұмыс жүргізді.

Рейдтік іс-шаралар барысында:

  • 109 жасөспірім анықталып, оның 2-еуі бейімдеу орталығына жеткізілді;
  • 117 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді;
  • ата-аналар тарапынан бала тәрбиесіне қатысты 19 жауапсыздық дерегі анықталды;
  • алкоголь өнімдерін сату ережесін бұзған 4 кәсіпкер анықталды;
  • 3 көңіл көтеру орнында сағат 22:00-ден кейін жасөспірімдер болғаны тіркелді;
  • сағат 23:00-ден кейін балаларын көшеде қараусыз жібергені үшін 86 ата-ана жауапқа тартылды;

Балаларының бұзақылық әрекеттері үшін 2 заңды өкіл жауапкершілікке тартылды.

6 жасөспірім және 2 отбасы профилактикалық есепке қойылды. Жасөспірімдерді арнайы білім беру мекемелеріне орналастыру мәселесі бойынша 3 іс сотқа жолданды.

Білім беру ұйымдарында 2622 оқушыны қамтыған 30 сауалнама жүргізіліп, құқықтық мәдениет, есірткі қылмысы, интернет-қауіптер және ұйымдасқан қылмыстың алдын алу тақырыптарында 124 профилактикалық іс-шара, дәрістер, әңгімелер мен брифингтер өткізілді.

«Іс-шара аясында ата-аналардың өз міндеттерін орындауына, құқық бұзушылықтарды анықтауға және кәмелетке толмағандардың  қауіпті ортада болуына жол бермеуге ерекше назар аударылуда. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады», — деді Жамбыл облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Орынбасар Джалдыгараев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары