жексенбі, 13 сәуір, 2025

"Қазақ мәдениетіне неге сонша қызығатынымды өзім де білмеймін" – чехиялық ІТ-маман

сурет: turkystan.kz / кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әлеуметтік желіде Степан Паздерка атты қол­данушының «Наурыз мерекесіне арналған іс-шараның соңғы репетициясы өтті. Домбыра шерт­тік. Ән шырқадық. Би де биледік. Ыстық әрі нағыз қа­зақы атмосфера» деген жазбасын кездейсоқ көзі­міз шалып қалды. Ұлты чех Степанның жеке па­рақ­шасын ашсаң, қазақ мәдениетіне қызығушылығы орасан екенін анық байқайсың. Сөйтсек, Чехияның бас қаласы – Прагада тұратын ол 2 күннен соң қала­дағы үлкен саябақтардың бірінде аталып өтетін Нау­рыз мерекесін чех тілінде жүргізеді екен. «Қа­зақстан мәдениетіне неге сонша қызығатынымды өзім де білмеймін» деген Степанға хабарласып, аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Әлеуметтік желідегі жеке парақ­шаңыз­да ақтарып, сізді түрколог маман шы­ғар деп ойласам, сіз Прагада ІТ-ма­ман болып жұмыс істейді екенсіз. Қа­зақ­­­станға, қазақ мәдениетіне деген қы­зығушылық қашан басталды?

– Түркология – менің хоббиім десем бо­­ла­ды (күліп). Негізі, мен Прагада мобильді қо­сымшалар әзірлеуге жауапты бағдарлама жа­сақтаушы болып жұмыс істеймін. Бұған дейін 10 жылдай Голливуд фильмдеріне ар­найы эффект жасаумен айналыстым. Әйгілі Marvel баспасы түсірген «Жұлдызды әскери­лер» сериалы, сондай-ақ әлем білетін «Тақтар таласы» сериалына эффект әзірлеуге көмек­тес­­тім. Еңбек демалысында әлемді шарла­ған­­ды құп санаймын. Бір демалысымда Қа­зақстанға жолым түсті. Оған дейін Байкалға барған сапарымда түркітектес халықтардың тұр­мыс-тіршілігі туралы естіп, қатты қы­зыққанмын. Кейін Прагада тұратын ұлты ук­раин, Қазақстанда туып-өскен досымның өз елі туралы әңгімесін естіген соң, келесі еңбек демалысымда Қазақстанға барамын деп шештім. Сөйтіп, Алматы, Орал, Түркістан қа­лаларын араладым. Көктөбе, Медеу секілді көз жауын алатын жерлері бар Алматыны ұнат­пау мүмкін емес. Түркістан қаласы да қат­ты ұнады. Ол кезде қазіргідей көп құры­лыс салынбаған-тын. Кесене маңында қайық­пен жүретін жер мүлде жоқ-тын. Алай­да сонда да өзіндік колориті бар кере­мет шаһарлардың бірі ретінде жадымда жат­талып қалыпты. Одан кейінгі дема­лы­сым­да қырғыз еліне саяхаттап бардым. Неге еке­нін айтып түсіндіре алмаймын, қырғыз бен қазақ мәдениеті маған жақын. Екеуі бір­дей емес, алайда бір-бірімен байланысты, ажы­рамайтын компонент.

– Басқа-басқа, біздің мәдениетімізге қы­зыққан еуропалық ІТ маманы тура­лы бірін­ші рет естіп тұрмын. Байқап қара­сам, қазақ достарыңыз көп екен. Олар­мен оқу яки жұмыс барысында таныс­­тыңыз ба?

– Менің ұлты чех достарымнан гөрі, қа­зақ, қырғыз достарым көп. Бір қызығы, мен олармен бірге оқымағанмын да, бірге де жұ­мыс істемейміз. Маған көзге көрінбейтін кіш­кентай детальдарды байқаған ұнайды. Қа­зақ, қырғыз мәдениетіне қызығуыма осы «қа­сиетім» сеп болса керек. Сөйтіп, қазақ­тар­мен дос болуға тырыстым. Әлеуметтік желі ар­қылы оларға бірінші жазып, байланыс ор­наттым. Көбі – студенттер ғой. Арасында ере­сектері де бар. Олармен өткен уақыт көңіл­ді. Қазақтармен бас қоссам, төбем көкке жетеді. Тиісінше, қазақ мәдениеті жай­лы көп дерекке қанық боламын. Қазақша қал­жыңдаймын, тіпті арасында қазақша бо­қауыз сөздер айтамын (күліп). Желіде Қа­зақстан туралы қызық мәлімет көріп қал­сам, өз парақшама жариялаймын. Бұл мә­де­ниет неге сонша қызықтыратынын сөзбен түсіндіре алмаймын. 

– Былтыр Прагада Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай өткен іс-шарада жүргізуші болған екенсіз...

– Иә. Бастапқыда Чехиядағы Qazaq Nomad қауымдастығының жетекшісі Дарина был­тыр жоғары деңгейде аталып өткен Нау­рыз мерекесіне модератор болуға шақырды. Алайда бұрын-соңды көпшіліктің алдына шығып сөйлемеген соң, мұндай рөлді атқа­рып шығуға ұялдым. Кейін ол Тәуелсіздік кү­ніне арналған іс-шараны тізгіндеуді қол­қалады. Сөйтіп, досым Абзал сыйлаған тақия мен украин досым Анастасия арқылы тап­сырыспен алдыртқан шапанымды киіп алып, іс-шараны жүргізіп шықтым. 

– Екі күннен соң Прага төрінде өтетін Наурыз мерекесін тойлау кешін де чех тілінде жүргізесіз бе?

– Иә. Жуырда соңғы репетиция өткіздік. Қызу дайындалып жатырмыз. Мереке таңғы оннан басталады. Ал мен өз қызметіме түскі он екіден бастап кірісіп, кешкі алтыға дейін жүргіземін. Алты сағат аяқтан тік тұрып абы­роймен жүргізуге күш саламын. Тағы бір айта кетерлігі, биыл мен қазақтармен қо­сылып «Қара жорға» биін билеймін. Бұл ай­рықша биді үйренуге барымды салып жа­тырмын, дегенмен мереке кезінде бір қи­мыл­ды дұрыс істемесем, қасымдағы қазақтар мені ұрмайды деп үміттенемін (күліп). Бұл ивентте дәстүрлі ойындар ойнатылып, домбыра мен гитарада түрлі ән шырқалады. Та­ғы бір атап өткім келетіні, бұл іс-шараны мен чех тілінде, ал Аида есімді қыз қазақша жүр­гізеді. Орысша, ағылшынша сөз араластыру де­ген болмайды. Әрі бұл ивент былтырғыдай  Праганың Панкрач деп аталатын үлкен сая­бағында өтпек. Бұл саябақ менің кеңсеме жа­қын орналасқан. Сондықтан мен жұмыс­тағы көп әріптесімді білсін, танысын деген мақсатпен концертке шақырдым. Сөзімді жерге тастамай, барлығы келеді деп сенемін. Биыл былтырғыдан да асып түссек деген ой бар. Шынымды айтсам, «Қалай болар екен?» деп қатты уайымдап жүрмін. Әрі жүргізуім ке­рек, әрі жігіттермен билеуім қажет. Дарина секіл­ді белсенді қыздың бұл іс-шараны ұйым­дастырып жүргеніне таңмын. Мұндай шар­уаны атқару менің қолымнан келмейтін еді. 

– Домбыра үйреніп жүргенге ұқсай­сыз...

– Иә. Наурыз мерекесіне арналған кон­церт­ке дайындық кезінде қос ішекті дом­бы­ра­дан шығатын әуенге таң-тамаша болдым. Гитара секілді ішегі көп емес, үйрену қиын емес секілді көрінді. Сөйтіп, домбыра саба­ғын бастап кеттім. Мен онсыз да репетицияда дом­быраның сүйемелдеуімен көп әуен тың­даймын. Тіпті, қай жерде кідіріп, қай жерде шарықтау керек екенін біліп отырамын. Үйде де күйлерді көп тыңдаймын. Мен сіз­дер­дің айшықты ою-өрнектеріңіздің суретін iPad-та саламын. Бұл – мен үшін медитация, жаным рахаттанады. Сол секілді домбыра­ның үні де маған медитация іспетті. Жаным тынышталады. Жеке домбырам жоқ, бірақ бірнеше сабақ өткен соң, сатып алмақ ойым бар. Есесіне, үш түрлі шапаным бар. Үйде қа­зақ­ша ет әзірлеймін. Дәмді шыққанға ұқ­сай­ды. Дегенмен өте дәмді болуы үшін сапа­лы ет керек емес пе?! Ал біз жақтағы дүкен­дер­де ол тағамға қажет ет, әсіресе жылқы етін сатып алу мүмкін емес. Сондықтан мен сиыр етінен әзірледім. Прагада «Алма-ата» де­ген дүкенде қазы сатады. Келесі жолы сол жерден қазы сатып алып, оны сиыр етімен араластырып, әзірлеп көрмекпін. 

– Бір сөзіңізде Қазақстанға тағы ба­ра­тыныңызды айтып қалдыңыз. Осы жолы қай қалаларын араламақ ойда­сыз?

– Шымкент, Тараз, Қызылорда қалала­рын аралап көргім келеді. Қала атаулары да қазақша. Жалпы, маған қазақша төл дыбыс­тар ұнайды. Әсіресе, «қ» дыбысы ұнайды. Қазақ­станның оңтүстігін мекен еткен қазақ­тардың тұрмыс-тіршілігімен етене таныс­сам деймін. Сосын бір ай қазақ ауылында тұрып көргім келеді. Ауыл тіршілігінің қандай болатынын өз көзіммен көріп, қымыз ішіп, қазақша ет пен құрт жеп, бір ай қаладан жырақ жерде тұру­ды жоспар­лап жүрмін. Қазақ­шам да жақсарар еді.

– «Қ» әрпі ұнайды дейсіз бе?

– Иә (күліп). Неге екенін білмеймін, ол ды­быстар қызық естіледі. Мен мұны логи­калық тұрғыда еш түсіндіре алмаймын. Мұ­ның бәрін бақылап жүрген менің отбасым «Сен біртүрлісің» деп қалжыңдайды. Олар ме­нің өзге елдің мәдениетіне сонша қы­зыққаныма таңғалады. Қазақтар да «Сен не­ліктен Қазақстанға сонша қызығасың?» деп сұрайды. «Ал сендер, қазақтар неліктен Ко­реяға, Түркияға қызығасыңдар? Неліктен ко­рей немесе түрік сериалдарын көп көре­сіңдер?» деп қойып қаламын. Олар «Бізге ол елдің тұрмыс-тіршілігі қызық» деп жауап береді. «Менде дәл солай. Маған да Қазақстан қызық» деп жауап беремін. Кейде қазақ дос­тарым бас қосқанда қазақша әңгімелесіп ке­теді. Кейін «Ой, Степан отыр ғой. Басқа тіл­де сөйлесейік» деп айтады. Мен «Жо-жоқ, сөй­лей беріңдер. Керісінше, маған осылай тиім­дірек. Мен осылайша қазақша үйреніп ала­мын» деп оларды тоқтатпауға тырыса­мын. Әңгіме арасында маған таныс сөздерді естіп қалсам, «Махаббат туралы әңгіме болып жатыр ма?» деп сұраймын. Сөйте-сөйте тілдік қорымды байытып алмақпын. Қа­зақ тілінде аударуға келмейтін «Айна­лайын» деген «тәтті» сөз бар екенін білемін. Сондай-ақ велосипедті ертеректе шайтан арба деп атағанынан да хабардармын. Осы секілді қызық мәліметтерді білген кезде, қы­зығушылығым еселене түседі. Мен сіз­дердің жүзге, руға бөлінетіндеріңізді де бі­ле­мін. Қожа секілді үш жүзге жатпайтын ру бар екенін тағы білемін. Жеті атаға дейін бір-бірі­мен қыз алысуға болмайтынын да білген­де таңғалғанмын.

Жаңадан танысқан қазақ­тар­дан «Қай рудансың?» деп сұраймын. Мұны естіген олар менің бұл деректен хабар­дар екенімен дән риза болады. Қай рудың қай аймақты мекен еткенін жаттап алған­мын. Сосын туған жерін естіген соң, «Най­ман­­сың ба, әлде Қыпшақсың ба?» деп сұрай­мын. 
Мен – көкірегі ояу, көзі ашық еуропа­лықпын. Тиісінше өзге елдің мәдениетіне қызығамын. Көп елдің ішінен Қазақстан мен қырғыз елі жүрекке тиді. Соның ішінде Қазақ­станның тарихы бай, мәдениеті қуат­ты. Сіздер төл дәстүрлеріңізді берік сақтай­сыздар. Сонымен қоса, заманауи үрдіспен сабақтастырып, өзгелерді өз мәдениетіңізді та­нып-білуге қызықтыра аласыздар. Мың­даған жыл көздің қарашығындай сақтап келген сол дәстүрлеріңіз арқылы өз біре­гейліктеріңізді ұмытпайсыздар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Бөлісу: