Отбасы – қай заманда болсын қоғамдық құрылымның басты бөлшегі, қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін іргелі әлеуметтік институттардың бірі.
Қазақстандағы ерлердің отбасындағы рөлі және бала тәрбиесіндегі орны туралы арнайы зерттеу жүргізілген екен. Әлеуметтану зерттеуіне барлығы 2 125 респондент қатысқан, оның 1 029-ы әйел болса, 1 096-сы – ер адам.
Зерттеу көп отбасында баланы күту міндеттері көбінесе әйелдерге жүктелетінін көрсеткен. Бала күтімінің және баламен уақыт өткізудің басқа жағдайына да ерлер сирек қатысады, яғни «сирек немесе ешқашан» және «уақыт болған кезде» деген жауапты 70 пайыз респондент айтқан. Әкелер зерттеуде көрсетілген басқа іс-шараларға да сирек қатысатынын жеткізген, орташа есеппен әкелердің шамамен 67 пайызы балаларға үй тапсырмасын орындауға көмектеседі, ал 65 пайызы «уақыты болған кезде» балаларына тамақ әзірлейтінін айтқан.
Жалпы, бұл зерттеу кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу мен күтуге әкелердің қатысы жоқтығын көрсетеді дейді сарапшылар. Ерлердің 96 пайызы басты міндеті – отбасын асырау деп түсінеді екен. Олардың арасында «Менің балаларыма қамқорлығым, негізінен, қажет кезде жұбайыма көмектесуімнен көрінеді» (79 пайыз) деген пікір кең тараған. Сонымен қатар ер адам бала күтіміне араласпауын жұмысбастылығымен түсіндіреді. Ал әйелдер күйеулерінің барлық істе көмектесіп, бала күтіміндегі жауапкершілікті бөлісіп, қамқорлық жасап, сыйласа, өмірлеріне қанағаттанып, өздерін бақытты сезінетінін жеткізген.
Психолог-психотерапевт Серікгүл Сали аграрлық революциядан бері қарай отба-сының асыраушысы еркек болғанын, сол 10 мың жылдан бері еркектің міндеті ақша табу, отбасын қорғау болғанын айтады.
– Сан ғасырлар бойы еркектің отбасын асыраудан өзге рөлі болмаған. Бұл әбден санамызға сіңіп қалған. Осының барлығы қазір өзгеріске ұшырап жатыр. Өйткені қазір әйелдер баланы да табады, жұмысты да істейді, отбасының шаруасына да үлгереді. Қазір нарықтық заманда ер мен әйел теңдей жұмыс істеп жатқандықтан, ерлердің отбасының шаруасына көмектесуі, бала тәрбиесіне араласуы біртіндеп көбейіп келе жатыр. Бұрын осы үй шаруасының бәрі әйелдің мойнында болып келгендіктен, ерлердің де бірден жауапкершілік алып, білек сыбана кірісіп кетуі – қиындау. Бұл жерде әйелдер бәрін дұрыс ұйымдастыра алуы керек. Күйеуіне үлгермей жатқанын, көмекке мұқтаж екенін ашық айтып, кей міндеттерді бөлісіп алғаны дұрыс, – дейді психолог.
Маманның айтуынша, бала ішкі қорғаныс сезімін анасы арқылы, сыртқы қорғанысты әкесі арқылы алады. Анасы түйсігі мықты жан болса, әкенің тәрбиесін балаға беріп, екеуара байланыс орнатады. Әкесімен байланысы күшті баланың болашақта адамдармен тіл табысуы, әлеуметтенуі де жеңіл болады. Тіпті, отбасына зорлық-зомбылық жасайтын әкелердің өзі баласына сыртқы қорғаныс сезімін береді екен. Яғни, біздің психологиямыз бойынша ішкі жаудан сыртқы жау қауіпті. Мәселен, баланың әкесімен еріп жем-шөпке, қораға баруы, көрші ауылдан бір затты алып келуі, атқа мінуі, тоғайға баруы секілді жұмыстар баланы жаңа әлеммен таныстырады. Әке беретін сенімділік сезімін ешкім бере алмайды.
– Бүгінде әркім өзі бақытты болғысы келеді. Ажырасқандардан себебін сұрасаң, «Менде мына нәрсе болмады» дейді. Ер мен әйел бір-бірінің бақытты болуын бірінші орынға қойып, бір-біріне қызмет етсе, барлық нәрсені жұбымен бөлісе алса, ол отбасының іргесі берік бола түседі, – деп қорытты ойын Серікгүл Сали.
Иә, әке – тек асыраушы емес, ол балаларына өмірлік бағыт-бағдар беретін ұстаз. Егер әкенің тәрбиесі дұрыс болса, оның балалары қандай жағдайда да адаспайды.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ Баспасөз хатшысы:
АЙТПА – КӨРСЕТ, ҮНДЕМЕ – ҮЙРЕТ
Жүсіпбек Аймауытов: «Тәрбиеге әсер беретін нәрсе – баланы жан-жақты білу», – дейді. Рас, кейде баланың болмысы мен табиғатын терең танымай, айтқанымызға көндіруге тырысамыз. Қабілетін ескермей, шамасынан тыс тапсырма жүктейміз. Әке мен бала арасындағы түсінбеушілік осыдан басталады екен.
Осы ретте бала тәрбиесіне қатысты білсек – байқамай қалатын, сезсек – сезінбей жататын бірнеше факторды ескере кеткіміз келеді.
Біріншіден, оған сөзбен емес, іспен үлгі болу. «Айтпа – көрсет, үндеме – үйрет», – деген принцип осындайда ауадай қажет. Оның көзінше күнәлі іске бой алдырмай, барынша теріс қылықтарды жасаудан бас тартқан абзал. Өйткені бізден кеткен қателікті періште сәби «дұрыс екен» деп қабылдайды. Әсіресе, біреу іздеп келгенде немесе телефон арқылы хабарласқан сәтте баланың аузымен «әкем үйде жоқ» деген өтірік сөзді айтқызу – апатқа апаратын амал. Өзіміз өтірікке үйір болғанымызбен қоймай, баланы да осыған мәжбүрлейміз.
Екіншіден, жұмсақтық қажет. Бала ата-анасынан жылулық сезінбейінше, оның бойында мейірім-махаббат оянбайды. Қателігін бетіне басу – орынсыз. Өз қателігін өзі түсініп, көз жеткізуі ләзім. Бұрыс басқан қадамынан сабақ алған ол саналы түрде ендігәрі жат қылықты қайталамауға тырысады. Мінезі қырсық баланы таяқпен түзеймін деу – әурешілдік. Санасына келсе – сабасына түседі. Бала болған соң, бүлдірмей қоймайды. Оны солай қабылдауымыз қажет-ақ.
Үшіншіден, кейде қаталдық та қажет. Қатал болғанда да өз орнымен. «Қатал бол, бірақ қатыгез болма», – деген тұжырым бар. Ол өзінің әдепсіз әрекеті үшін әкесінің ашуланатынын білуі керек. Жұмсақтық – жақсы, бірақ бұл ұстаным баланы босаңсытып жібермеуі тиіс. Сол үшін даналықпен қаталдық жасаған абзал. Қаталдық жасау – оны қатты жазалау деген сөз емес. Жекіп тастағаннан гөрі қабақ шытудың өзі жеткілікті. Бұл – баланың жаман әрекетін құптамаудың ишарасы. Сонда ол өз қателігін түсінеді. Ескеретін жайт: сынған кесе, сызылған қабырға, т.б. ұсақ-түйек дүниелер үшін қабақ шыту – дұрыс ұстаным емес. Дүниелік заттар баланың жүрегін ауыртудың қасында түк те құны жоқ. Жат қылық, жаман әдет, күнәға жетелейтін істер үшін қабақ шыту – дүниелік нәрсенің қасында әлдеқайда қайырлы.
Төртіншіден, баламен үлкен адамдарша пікірлесу, сөйлесу ләзім. Көп жағдайда оған өз ойын ашық айтуға мүмкіндік жасаған жөн. Өз пікірін жеткізе алмай өскен бала есейгенде ынжық болады. Бұған да мән бергеніміз жөн. Балаға ертегі немесе ғибратты оқиғаны әңгімелеп бердіңіз делік, айтылған жайттан алар пайдалар туралы кішкентайдың пікірін міндетті түрде сұрауымыз керек. Бұл тәсіл ойлануға, ой қорытуға көмектеседі, әр нәрсенің тағылымды тұстарынан тәрбие алуға итермелейді. Тұжырымды ой айтуға дағдыланған бүлдіршіннің өзіне деген сенімділігі артады.
Бесінші, бала тәрбиесімен жүйелі түрде айналысу қажет. Аптасына бір уақытты арнау – оның тәрбесін жүйелі қадағалауға мүмкіндік береді. Бала болған соң, бұзықтық жасайды, босаңсиды, теледидардан көргенін қайталайды. Бұл – бүлдіршінге тән табиғи құбылыс. Сондықтан оған ұдайы көңіл бөлген абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед бір хадисінде: «Балаға бір рет көңіл көліп, тәрбие беру – бір сағ (бір сағ – 2 120 граммға тең) көлемінде садақа бергеннен де жақсы», – деген.
Алтыншы, оның қолымен қайырлы істерді жасау. Мысалы, көшеде кетіп бара жатырмыз делік. Жол бойында қайыр сұраған қарияға, мүгедекке балаңыздың қолымен нан, ақша, т.б. беру. Болашақта мұндай қайырлы істер оның бойында қалыптасып, өмірінде көрініс табады. Отбасымен бірге науқас адамды зиярат етудің, қайырымдылық шараларға қатысудың маңызы үлкен.
Жетінші, сыйлық беру. Сыйлық – кез-келген жүректі жібітеді. Сыйлық беру арқылы жаттаған «тақпақты» немесе берген тапсырманы оңай талап ете аласыз. Өйткені сыйлық алған адам берушіге «берешек» боп қалады. Беру арқылы өз айтқаныңызды орындатасыз. Алла Елшісі сыйлық беру адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен махаббатты оятып, мейірім мен бауырмашылдық сезімді арттыратынын айтқан. Мереке күндері, аптаның айтулы сәтінде, әсіресе, айт мейрамы, қасиетті жұма күндері отбасын қуанышқа кенелтеу, оларға сыйлық тарату – сауапты іс.
Сегізінші, дұғагөйлік. Игі ұрпақты, құлшылығы мен тіршілігі үйлескен үлгілі баланы Алладан тілеу – әр мұсылманның міндеті. Өйткені қайырлы ұрпақты пайғамбарлар да Жаратушыдан сұраған. «Бала бер, бала берсең сана бер. Сана бермесең ала бер», – деген қанатты сөз қайырлы ұрпақты тілеуден туған ниет. Дұға – мұсылманның қорғаны. Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, әр пендеге ниет еткен нәрсесі беріледі. «Жақсы сөз – жарым ырыс».
Тоғызыншы, балаларды алаламау, бәріне бірдей қарау, бірдей көңіл бөлу қажет. Бірін екіншісінен артық жақсы көру – үлкен қателік. Мұны бала да сезеді. Дұрыс көңіл бөлінбеген бала дағдарыс пен күйзелісті бастан кешеді.