«AMANAT» партиясы еліміздің барлық өңірінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, елді мекендерді абаттандыру, қоршаған ортадағы тазалықты сақтау мақсатында «Таза бейсенбі» акциясын жалғастыруда. Бұл бастама Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» ұлттық жобасын іске асыру аясында қолға алынған. Республикалық деңгейде өткен акцияға партия мүшелерімен бірге мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, «Жастар Рухы» жастар қанаты мен мыңдаған ерікті қатысты.
Абай облысының Үржар ауданында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Таскескен ауылындағы Ардагерлер аллеясында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Жалпы саны 30-ға жуық адам қатысқан іс-шара барысында 150 шаршы метр аумақ қоқыстан тазартылып, ағаштар түбіне су құйылып, орындықтар мен гүлзарлар ретке келтірілді.
«Біз бұл іс-шара арқылы Жеңіс сыйлаған ардагерлерімізге алғысымызды білдіріп қана қоймай, келер ұрпаққа үлгі боларлық іс жасаудамыз. Ардагерлер аллеясы – тек саябақ емес, бұл – тарихымызға тағзым ететін қасиетті орын», – деді Таскескен ауылдық бастауыш партия ұйымының төрағасы Құралай Бекова.
Жамбыл облысында Байзақ ауданынан басталған жол бойын тазарту челленджін Жамбыл ауданы жалғастырып, Тараз-Аса бағыты бойынша 3 шақырым жол тазартылды. Бұл іске 100-ге жуық аманаттық қатысты.
Жамбыл ауданы облыс орталығы Тараз қаласына ең жақын орналасқан аудандардың бірі. Мұнда аудан мен қала арасында көлік ағыны бір сәтке болсын толастаған емес. Сондықтан күре жолдың бойына қоқыстар жиналып қалып жатады. Әрі бұл күре жол облыстық мәнге ие.
«Қай елдімекен болмасын жолының айналасы таза болуға тиіс. Осы орайда, партия Жамбыл облыстық филиалы «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында күре жолдардың бойын тазартуға баса мән беріп отырмыз», – дейді партия облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уалихан Болатбек.
Шымкент қаласының еріктілері Қаратау ауданындағы «Нұрсәт» шағын ауданында орналасқан саябақты тұрмыстық қалдықтардан тазартып, ағаштарын әктеп, айналаны ретке келтірді.
Еліміздің барлық өңірінде жүзеге асып келе жатқан «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы аясында Қызылордада партияның Арал аудандық филиалы вокзал маңындағы саябаққа тазалық жүргізіп, ағаш көшеттерін отырғызды. Игі іске аудандық мәслихат депутаттары және партия мүшелері, қоғам белсенділері мен жастар үлес қосты.
Сонымен қатар Жетісу облысы Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен саябақтар мен скверлердегі қоқыстар тазартылды. Бұл акцияға мекеме қызметкерлері мен еріктілер қатысты. Аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында электр желілеріне кедергі келтіретін ағаш бұтақтары кесіліп, алдын алу шаралары жүргізілді.
«Ел Президенті елді мекендерді таза ұстау мен абаттандыруға баса мән беріп отыр. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз. «Таза бейсенбі» – тек санитарлық тазалау шарасы емес, бұл – экологиялық мәдениетті қалыптастырудың бір жолы. Әр тұрғын өз ауласынан бастап, туған жерінің тазалығына үлес қосуы керек», - дейді Кербұлақ аудандық партия филиаланың төрағасы Гүлжан Камамбаева.
Ал Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында аудан орталығындағы аллеялар мен көше бойларына тазалық жұмыстары жүргізілді. «Жастар Рухының» белсенділері тазалау шараларын жүргізіп, тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырды. Тазалық жұмысына 100-ден аса аманаттық қатысты. Олар ауданға кірер жолды, ауыл сыртын сыпырып, жинап, қар астынан шыққан қағаз-бөтелкелерден тазартып, 100 тоннадан артық қоқыс шығарды. Сондай-ақ, Жаңаарқа ауданына қарасты барлық ауыл тұрғындары таза бейсенбіге атсалысты.
Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылында «Ақкиізтоғай» бастауыш партия ұйымы мүшелерінің ұйымдастыруымен Жем өзені жағалауы қоқыстан тазартылып, қалдықтар шығарылды. Акцияға 50-ден астам «Ақкиізтоғай» БПҰ мүшелері мен қаланың белсенді тұрғындары атсалысты.
«Бұл жалпыұлттық экологиялық акцияның қоғам үшін маңызы ерекше. Осы орайда мемлекет басшысының жолдауын қолдай отырып, біз де өз ауылымыздың экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесімізді қостық», - деді «Ақкиізтоғай» БПҰ-ның төрайымы Динара Сүйембаева.
Қарағанды облысы Абай қаласында акция аясында қала көшелерін, аулалар мен саябақтарды қоқыстан тазарту және жалғызбасты зейнеткерлердің ауласын тазалау жұмыстары жүргізілді.
Ақмола облысы Шортанды кентінде 50-ден астам мекеме бірлесіп 25 көшені тазартты. Акцияға 300-ге жуық тұрғын қатысты. Игі істен шет қалмай, партиялықтар да бұл жұмыстарға белсенді атсалысуда.
Еске сала кетейік, өткен жылдың 6 маусымынан бастап «AMANAT» партиясының мыңдаған белсенділері мен мүшелері әр бейсенбі сайын «Таза бейсенбі» акциясына қатысып, қалалар мен ауылдарды, саябақтар мен скверлерді, ескерткіштер мен су айдындарын қоқыстан тазартып келеді.