Еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұханға 97 келіге орнығу үшін әлі көп еңбектену керек. Бұл туралы еркін күрестен Қазақстан командасының бас бапкері Мадияр Құрамысов айтты, деп хабарлады turkystan.kz сайты Sportbugin.kz-ке сілтеме жасап.
«Ризабекке қазір көп жаттығу қажет. Күші жоқ екені сырттан-ақ көрініп тұр. Оған ауыр, қара жұмыс істеу керек. Темір көтеру керек. Кем дегенде, бір жыл бойы жалпы дене жаттығуын үзбеуі тиіс. Тауда жүгіруі қажет. Қара жұмыс болмаса, күш жиналмайды.
Ол қазір жаттығып жүр, бірақ жеңіл жаттығулар ғана жасайды. Тиіп-қашып жасайды. Оның үстіне, жеке бапкері өзінің әкесі болғандықтан, баласын көп жағдайда аяп қалады. Оған мықты бапкер керек.
Ризабек медианың адамына айналып кетті. Халық көтеріп тастады. Алайда, 97 келі оған әлі ауыр боп тұр. Егер бұл салмақта өзін мойындатамын десе, жиналу керек», — деді Құрамысов.
Айта кетелік, Ризабек Айтмұхан Амманда (Иордания) өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Финалда ол жапониялық Араш Йошидаға есе жіберді.