2025 жылғы негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау 12 сәуірде басталады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің хабарлауынша, негізгі ҰБТ-ға өтініш 12-25 сәуір аралығында қабылданады.
«Оның ішінде 12-18 сәуір аралығында бір рет өтініш беруге, 19-25 сәуір аралығында бір немесе екі рет өтініш беруге болады. Тестілеудің өзі 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады», - делінген ведомство хабарламасында.
ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының сайты немесе UTO.kz қосымшасы арқылы өтініш беруге болады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді.