Ресейдің Украинаға басып кіруінен бері Түркия екі елмен де байланысын сақтап келеді. 2022 жылы Анкара Мәскеу мен Киев арасындағы сәтсіз аяқталған бейбіт келіссөздерге делдалдық жасаған. Дегенмен Байден әкімшілігі кезінде Түркияның Ресеймен сауда байланыстары Вашингтон тарапынан сынға ұшыраған еді.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Түркияны Украинадағы бейбітшілікке үлес қосуға шақырды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио сейсенбі күні Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен алғашқы кездесуінде Анкарадан Украинадағы бейбітшілік орнатуға жәрдемдесуді сұрады. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаменті хабарлады.
Фидан Вашингтонға екі күндік сапары барысында Түркия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға ниетті. Байден әкімшілігі кезінде екі ел арасындағы байланыстар айтарлықтай нашарлаған болатын.
Түркияның мемлекеттік Anadolu агенттігінің хабарлауынша, кездесуде Рубио мен Фидан Ресей мен Украина арасындағы атысты тоқтату мәселесін талқылады. Анкара бұл бағытта АҚШ бастамаларын қолдайтынын мәлімдеді.
Ресейдің Украинаға басып кіруінен бері Түркия екі елмен де байланысын сақтап келеді. 2022 жылы Анкара Мәскеу мен Киев арасындағы сәтсіз аяқталған бейбіт келіссөздерге делдалдық жасаған. Дегенмен Байден әкімшілігі кезінде Түркияның Ресеймен сауда байланыстары Вашингтон тарапынан сынға ұшыраған еді.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Тэмми Брюстің айтуынша, Вашингтонның саясаты өзгергендіктен, Марко Рубио НАТО одақтастары арасындағы экономикалық әріптестікті одан әрі кеңейтуді ұсынған.
Фидан АҚШ-тан Түркияға салынған санкцияларды алып тастауды және Анкараның 2019 жылы шығарылған F-35 жойғыш ұшақтарын жасау бағдарламасына қайта қосылуын талап етуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Трамп өз әкімшілігінің алғашқы мерзімінде Түркияның Ресейден С-400 зениттік-зымыран кешендерін сатып алуына байланысты санкция салған болатын. АҚШ-тың ресми мәлімдемесінде қорғаныс мәселесі туралы айтылмаған.
Фиданның Вашингтонға сапары екі ел президенттері арасындағы телефон арқылы өткен келіссөзден кейін жүзеге асты. Трамптың арнайы өкілі Стив Виткофф бұл әңгімені «айрықша маңызды» деп сипаттады.