Балалар әр айдың үшінші жексенбісінде және каникул уақытында музейлерге тегін бара алады.
Қазақстандық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында «Қамқор», «Шабыт», «Смарт бала», «Еңбегі адал – жас өрен», «Ұшқыр ой алаңы» және «Балалар кітапханасы» атты алты ірі жоба іске асырылып, 4 миллионға жуық оқушыны қамтыды.
«Қамқор» жобасы аясында еліміздің 3 миллионнан астам білім алушысы «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып, сенбіліктер ұйымдастырды, 2,1 миллионға жуық көшет отырғызды.
«Шабыт» жобасы балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға арналған. Ел көлемінде өткен жоба аясында 2 миллионнан астам бала домбыра тартуға қатысты. Бұл бастама ұлттық өнерді насихаттаудың ең ауқымды шараларының бірі болды. Сондай-ақ «Әншуақ» балалар ән фестивалі жас орындаушылар арасында үлкен танымалдыққа ие болды. Мектептерде оқушылардың мәдени-ағартушылық бастамаларға қатысу белсенділігі жоғары. «Даналық ұстаздан», «Мақтанышым – Республикам!», «Жетістігім – еліме!», «Алғыс айту күні», «Ананың аялы алақаны» секілді байқауларға 3 миллионға жуық оқушы қатысты.
Тәрбие бағдарламасында, сондай-ақ кітап оқу мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Балалар кітапханасы» жобасы іске қосылды, оның аясында 2 580 кітаптың тізімі жасалды. Сонымен қатар 2024 жылы мектеп оқушыларына цифрлық форматта әдеби шығармаларға қол жеткізуге мүмкіндік беретін балалар кітапханасының онлайн-порталы іске қосылды.
Көктемгі каникул уақытында мектептерде үйірмелер мен секциялар жұмыс істеп, қосымша шаралар өткізіледі. Балалар әр айдың үшінші жексенбісінде және каникул уақытында музейлерге тегін бара алады. Оған қоса, театрларда балаларға арналған қойылымдар ұйымдастырылады. Сондай-ақ «Қазақфильмнің» алтын қорындағы фильмдер мен анимациялық фильмдерді мәдениет және білім беру ұйымдарында тегін ұжымдасып тамашалау мүмкіндігі жасалуда.